"Біртұтас Құдс" заңы – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын бұзып, Трамптың шешімімен жақтасу
(last modified Thu, 04 Jan 2018 08:37:22 GMT )
Қаң 04, 2018 14:37 Asia/Almaty

Сионистік режимнің Кнессеті "Біртұтас Құдс" деп аталатын заңды бекітті.

 

Бұл заң 2017 жылдың тамыз айында сионистік режимнің Министрлер кабинетінің заң шығарушы комитеті тарапынан бекітілген болатын. Сейсенбі күні сионистік режимнің Кнессеті де бұл заңды бекітті. 

Аталмыш заңның баптарын сараптағанда Құдстың толығымен сионистік режимнің қарамағына енетінін көруге болады. Заңда Кнессеттегі 120 мүшенің 80 оң дауысы болмаса, Құдсты бөлудің мүмкін еместігі айтылған.

Бұл заң басып алынған Палестина жеріндегі екі үкімет жобасының толығымен жойылғанын білдіреді, өйткені бір жағынан осы заң бойынша сионистік режим ешбір жағдайда Шығыс Құдстан кері шегінбейді, екінші жағынан Құдстың кейбір бөліктерін палестиналықтарға беру Кнессетте 80 оң дауыс жинауды қажет етеді. Бұрын Кнессеттегі 120 мүшенің тек 61 оң дауысы жеткілікті еді. Басқаша айтқанда, осы заңның салдарынан бейбіт келіссөздерді ілгерілетуге  берілген аз ғана мүмкіндіктің өзі жойылады. Осыған орай Палестина автономды құрылымының ақпарат өкілі Набиль Абу Радина "Біртұтас Құдс" заңының бекітілуін сионистік режимнің Палестина халқына соғыс жариялауымен бірдей  деп мәлімдеді.

Екінші мәселе мынада: аталмыш заң асығыс әрі шұғыл бекітілген жоқ, керісінше толығымен алдын ала жоспарланған. Өйткені, бұл заңды алдымен сионистік режимнің Министрлер кабинетінің заң шығарушы комитеті өткен жылдың тамыз айында бекітті. Осындай жағдайда сионистік режимдегі басқарушы партия саналатын Ликуд партиясы да өткен жексенбі күні сионистік режимнің Иордан өзенінің батыс жағалауында салынған барлық сионистік қалашықтар мен Құдсқа толық билік жүргізетінін растайтын заң жобасын бекітті. Осы партияның жиналысқа қатысқан мыңға жуық мүшесі жобаға оң дауыс берді. Бірақ, ешбір адам оған қарсы шықпады. Сионистік режимнің Министрлер кабинеті тарапынан атқарылып жатқан осындай шаралармен қатар АҚШ Президенті Дональд Трамп та 2017 жылдың 6 желтоқсанында Тель-Авивтің орнына Бейт ул-Мұқаддасты сионистік режимнің астанасы ретінде таныстырды. Осы шаралардың барлығы "Біртұтас Құдс" заңының мақсатты түрде жоспарланып, барлық аспектілерді назарға алып, Израильдің Кнессеті тарапынан бекітілгенін көрсетеді.

Үшінші мәселе мынада: "Біртұтас Құдс" заңы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің  барлық қарарларына, әсіресе №2334 қарарына қайшы.  Бұл қарар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 14 мүшесінің оң дауыс беріп, АҚШ-тың қалыс қалуымен бекітілген болатын. Онда Израильден басып алынған Палестина жерінде қалашық салуды тоқтату талап етілді. "Біртұтас Құдс" заңы қалашық салуды жалғастыру және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2334 қарарына немқұрайдылық танытумен бірдей ғана емес, бүкіл Құдсты басып алынған жерлерге қосып алумен тең.  

Келесі мәселе мынада: сионистік режим "Біртұтас Құдс" заңын бекіту арқылы халықаралық наразылықтар, әсіресе БҰҰ Бас ассамблеясының 21 желтоқсан күні 128 оң дауыспен бекіткен қарарының бұл режимнің басқыншы саясатына еш әсерін тигізбейтінін көрсетті.

Жалпы "Біртұтас Құдс" заңын бекіту сионистік режимнің АҚШ-пен бірге халықаралық заңдарға көңіл аудармастан өзіне-өзі заң шығаратынын көрсетіп отыр. Яғни, бұл режимнің амал-әрекетінде абсолюттік анархия үстемдік етеді.