Ердоған АҚШ-тың Африн амалдары туралы өтінішіне реакция білдірді
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған АҚШ басшыларының Сирияның солтүстігіндегі амалдардың мерзімін шектеу туралы өтінішіне білдірген реакцияда америкалық әскерилердің Ауғанстан мен Иракта ұзақ уақыт қалуын сынады.
Режеп Тайып Ердоған, сондай-ақ: "АҚШ өз әскерилерінің Ауғанстанда 17 жыл болу себебін әлемдік қауымдастыққа түсіндіруі тиіс. Өйткені, АҚШ қауіпсіздікті қамтамасыз ету және лаңкестікпен күрес сылтауымен Ауғанстанды жылдар бойы тынышсыздыққа душар етті",-деді. Түркия Президенті, сондай-ақ, америкалық әскерилердің қауіпсіздікті қамтамасыз ету және лаңкестікпен күресу сылтауымен Иракта ұзақ уақытқа қалуын сынады.
Бұдан бұрын Режеп Тайып Ердоған Түркия армиясының "Зейтүн бұтағы" амалдары аяқталысымен Сирияның солтүстігіндегі Африн аймағынан шығатынын айтқан болатын. Түркия Президенті АҚШ-тың Сирияның солтүстігіндегі күрд күштерін қару-жарақпен қамтамасыз етуін сынап: "Кейбір елдер Түркияның оңтүстік шекараларында лаңкестік өткелдер жасауды көздеп отыр",-деді.
Түркия Президенті осы елдің оңтүстік шекараларында лаңкестік өткелдер жасауға тырысып жатқан елдің атын атамағанымен, АҚШ-ты меңзегенінде күмән жоқ. Осыған қатысты Түркияның "Саадат" партиясының басшысы Темель Қарамолла-оғлы: "АҚШ аймақта өзінің сұрқия мақсаттары мен мүдделерін күйттеп отыр. АҚШ бұл аймақта "Үлкен Таяу Шығыс" жобасын орындауға күш салуда",-деді.
Түрік саясаткерлердің әшкерелеуі бойынша, АҚШ-тың "Үлкен Таяу Шығыс" жобасында ешбір қауым, соның ішінде күрд, түрік пен басқа ұлттар жайлы сөз қозғалмаған, тек аймақта Израильдің болмысы мен қауіпсіздігін сақтау көзделген.
АҚШ-тың аймаққа үстемдік жүргізу талпыныстарына қарсы Түркия үкіметі де Сирияда өз мақсаттарын көздейтінге ұқсайды. Анкара үкіметінің басшылары: "Африн қаласындағы әскери амалдардың мақсаты – Түркияның Күрдістан жұмысшылар партиясы мен ДАИШ лаңкестік тобының мүшелерін жойып, аймақтың халқын құтқару",-деген уәж айтты. Осындай жағдайда Дамаск үкіметі тарапынан Түркия армиясының "Зейтүн бұтағы" атты әскери амалдарына қарсы үсті-үстіне наразылықтың білдірілуі Түркияның Сирияны басып алуына кедергі болды. Бұдан бұрын Сирия СІМ Түркия армиясының Сирия территориясындағы Африн қаласына шабуыл жасағанын айыптап: "Түркияның бұл әрекеті Сирияның ұлттық егемендігін бұзу болып табылады",-деп мәлімдеген болатын. Сирияның СІМ, сондай-ақ, Анкара үкіметінің бұл елдің Дамаск үкіметін Африндағы амалдар туралы хабардар еткені жайлы уәждерін теріске шығарып, БҰҰ-нан Түркияның осы әрекетін айыптап, түріктердің Африндағы амалдарын тоқтатуға шара қолдануды сұрады.
Түркия армиясының Сирия жеріндегі амалдары заңсыз болғанына қарамастан, АҚШ-тың Сирия ісіне араласуы және оған ықпал етуге талпынуының Таяу Шығыстың осы бөлігінде соғыстың туындауына себеп болғанында күмән жоқ.