Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Иран СІМ-нің дипломатиясынан жеңілді
Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Адель әл-Джубейр еуропалық елдер ИИР-мен кең түрде әріптестік жасап жатқан кезде: «Иранмен әріптестік артқан сайын бұл елдің қатері күшейе түседі»,-деген уәж айтты.
Адель әл-Джубейр бейсенбі күні Брюссельдегі Еуропа Парламентінде сөйлеген сөзінде: «Еуропаның Иранға қатысты саясаттары кері әсерін тигізіп, Иранның аймақта одан ары ашкөздене түсуіне себеп болады»,-деген уәж айтты.
Сауд Арабиясы үш жыл бойы Йеменге ашқан соғысында ешқандай нәтижеге жетпеді, керісінше бұл соғысқа айтылған сын көбейе түсті. Осындай жағдайда Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі: «Иран және Ливан Хезболласымен әріптестік жасайтын хусилердің Йеменде билік жүргізуін қабылдамаймыз»,-деді.
Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрінің Еуропа Парламентінде сөйлеген сөзі әлемнің қоғамдық пікірінде бірнеше сұрақ тудырғанымен жаңа тақырып емес, тек Иранға қарсы бұрынғы негізсіз айыптаулар қайталанды. Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрінің сөйлеген сөзіндегі жаңа тақырып Иран дипломатиясының әлемдік сахнада жеңіске жеткенін, әртүрлі еуропалық басшылардың Теһранға сапар шегуге ынта танытып отырғанын мойындауы болды. Адель әл-Джубейр еуропалықтардың Иранмен қисынды түрде әріптестік жасауына төзбей отырған жағдайда өткен бірнеше күнде екі еуропалық елдің Сыртқы істер министрлері Теһранда ИИР-ның басшыларымен кездесіп, екіжақты байланыстарды кеңейту қажеттігін қуаттады. «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасынан кейін ИИР-ның әлем елдерімен сындарлы әріптестігі және ниетінің түзулігін дәлелдеуі еуропалық елдердің Иранмен ынтымақтастық жасау жолын жеңілдетті. ИИР-ның аймақта қауіпсіздік пен тұрақтылық орнатудағы сындарлы рөлінен хабардар болу да еуропалық елдер үшін Таяу Шығыс аймағындағы ықпалды ойыншы Иранмен әріптестік жасаудың әлемнің бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне пайдалы екенін дәлелдеді.
Иранның Сирия мен Ирактағы лаңкестермен күрестегі рөлі және Теһранның Сирияда шамамен 7 жылға созылған дағдарысты саяси жолмен шешу үдерісіне белсенді түрде қатысуы, сондай-ақ, Йеменнің үш жылдық дағдарысын саяси жолмен шешу қажеттігін қуаттауы – бұлтартқысыз шындық. Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрінің Еуропа Парламентіндегі лепірме сөздері аймақ қиындықтарының бірі бөлігі ретіндегі Сауд Арабиясының жағдайын өзгертпейді. Ұлыбританияның қазіргі және бұрынғы басшылары мен ақпарат құралдары қозғаған тақырыптарға көз салудың өзі жеткілікті: Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммад бен Салманның келесі айда Лондонға сапары ауқымды қарсылыққа ұшырады. Ұлыбритания Премьер-министрінен Сауд Арабиясы тақ мұрагерінің Лондонға сапарын болдырмау және оны Ұлыбритания Парламентінің Өкілдер палатасына кіргізбеу туралы бірнеше рет талап етілуі Сауд Арабиясының жағымды ойыншы емес екенін және бұл елдің Таяу Шығыс аймағындағы Бахрейннен бастап Сирия мен Йеменге дейінгі аралықта туындаған қазіргі қиындықтардың үлкен бір бөлігі екенін көрсетті. Осы аяда Ұлыбританияның бұрынғы Халықаралық даму министрі Эндрю Митчел Сауд Арабиясының Йеменде масқара жағдайда жеңіліс тауып жатқанын айтып: «Қазіргі жағдай Сауд Арабиясының Йеменде масқаралануына жеткізіп қана қоймайды, эр-Риядтың бүкіл аймақпен, соның ішінде Иранмен қарым‑қатынасында кемсітіліп, қорлануына әкеліп соқтырады»,-деп қуаттады.
Бұл сипаттама – Сауд Арабиясының қазіргі шындығы. Адель әл-Джубейрдің Еуропа Парламентінде лепіре сөйлеуі Сауд Арабиясынан әлемдік қауымдастық сенетін ықпалды ойыншы жасай алмайды. Осындай жағдайдк Нидерландының Сыртқы істер министрі Сигрид Кааг сәрсенбі күні Теһранда ИИР Президенті Хасан Руханимен кездесуінде: «Еуроодақ пен Нидерланды осы одақтың мүшелері ретінде барлық салалар бойынша Иранмен қарым‑қатынастарын кеңейтіп, дамытуға бел буып отыр»,-деп қуаттады.