Ердоған: Хашоқчидің өлімі алдын-ала жоспарланған
Түркия президенті Сауд режимін сынап келген тілші Джамал Хашоқчидің өлімінің жай-жапсарын жариялап, кейбір болжамдарға қайшы «Қылмыс алдын ала жоспарланған» деген пікір білдірді.
Режеп Тайып Ердоған сенбі күні Түркияның Мәжілісінде Джамал Хашоқчидің өліміне қатысты айтқан сөзінде «Саудиялық тілші Стамбұлдағы Сауд Арабиясының Консулдығына кірген сәттен бастап сол жерде болған адамдардың барлығы оның өліміне жауапты. Хашоғджиді Сауд Арабиясының қауіпсіздік және барлау саласының күштері жабайы түрде өлтірді. Сондықтан бұл қылмысты өз бетімен жүрген топтармен байланыстыруға болмайды. Сауд Арабиясының королі менімен телефон арқылы сұхбатта Хашоғджидің өліміне қатысты 18 саудиялық азаматты құрықтағандарын айтты.
Түркияның талпынысымен саудиялық тілшіні өлтіру оқиғасының егжей-тегжейі әшкереленген кезде Сауд Арабиясы ұстанымын өзгерте бастады",- деді.
Ердоған қылмыстың Сауд Арабиясының Стамбұл қаласындағы консулдығында болғанын, Анкараның бұл іске қатысты шындық толық анықталғанға дейін қылмыскерлерді жазалау үшін халықаралық ұйымдармен әріптестігін жалғастыратынын мәлімдеді.
Әл-Сауд режимінің сыншысы тілші Джамал Хашоқчи қазан айының екісі күні Түркияның Стамбұл қаласындағы Арабстанның Консулдығына енген соң ұшты-күйлі жоғалып кетті.
Мәліметтер оның Арабстан тақ мұрагерінің бұйрығымен сол елдің тыңшылық ұйымы тарапынан өлтірілгенін көрсетіп отыр.
Ердоғанның бұдан бұрын айтқан сөзі мен бүгінгі сөзі осы уақытқа дейін жарияланған мәліметтерден артық ештеңені айқындай қойған жоқ.
Сол себепті Ердоғанның бұдан бұрын айтқан сөзінде ақпараттық қауесет қалыптастыру арқылы діттегені өзіне ұпай жинау үшін Арабстанға немесе оның одақтастарына қысым жасау болды деген тұжырым жасауға болады.
Сонымен қатар айтатын жайт, ол Ердоғанның соңғы күндердегі уәждері Хашоқчидің өлімінде Арабстан мен одақтастарының мүдделеріне соққы келтіре алатын көптеген күңгірт тұстардың бар екендігін айғақтайды.
Тіпті, Американың тыңшылық ұйымының басшысы Джина Хаспелдің Түркия сапарын ақтайтын іс болуы да мүмкін.
Карнеги институтының сарапшысы Ясмин Фарук та Хашоқчидің өлімі Мохаммад Бен Салман билігінің шектелуіне себеп бола алады және осы оқиға Арабстанның ішкі және сыртқы саясаттары мен беделіне ауыр құн төлетуі мүмкін деп санайды.
Хашоқчи өлімінің үдерісі – саяси және құқықтық мәселеден бұрын Түркия мен Арабстанның тыңшылық саласындағы жасырын соғыстың көрсеткіші.
Бұл соғыста Түркия күшті бақталасының алдында жеңіске жету үшін Арабстан Консулдығының жұмысына қатысты өзінің хабардарлығын пайдаланды. Алайда, Түркия жасырын саясатының жолында өзінің бейнесі мен қауіпсіздігін құрбан ете ала ма немесе Хашоқчидің ісін саяси мәмілелер арқылы шетке ығыстыра ма, болмаса Анкара басшылары Арабстан ісінің жасырын жай-жапсарын әлемге жайып сала ма, енді соны байқау керек.