Зариф АҚШ тың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарарына қатысты ұстанымын сынады
(last modified Sun, 16 Dec 2018 12:01:26 GMT )
Жел 16, 2018 18:01 Asia/Almaty
  • Зариф АҚШ тың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарарына қатысты ұстанымын сынады

Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф Al-Jazeera телеарнасына берген сұхбатында америкалық басшылардың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарарының Иран тарапынан бұзылғаны туралы уәждерін теріске шығарды.

Доха халықаралық отырысына қатысып, сөз сөйлеу үшін Катарға сапар шеккен Иран Сыртқы істер министрі осы сұхбатта АҚШ‑тың «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасынан шығуы арқылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарарын ашық түрде бұзғанын айтып: «Олар бұл қарар жайлы пікір білдіретіндей жағдайда емес»,‑деді.

Зариф халықаралық қауымдастықтың «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасын сақтауды қалайтынын айтып: «АҚШ «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасын әлсіретіп, жою үшін қолынан келгеннің бәрін жасады, алайда әлем халықтары АҚШ‑тың әлімжеттігін қабылдамайды»,‑деді.

АҚШ‑тың аймақта Иранға қарсы ұстанған саясаты аймақ пен әлемде дағдарыс тудырып, ішкі іске араласу қатынасына негізделген. Иран Сыртқы істер министрі екі жыл бұрын Мюнхен қауіпсіздік конференциясында сөйлеген сөзінде: «Жаһандануға негізделген әлемде басқалардың тыныштығын алу арқылы қауіпсіздік орнату – қисынсыз талпыныс»,‑деген болатын.

Қазір де аймақтың жағдайы бұрынғы күйде. АҚШ жалған айыптар тағу арқылы өзінің аймақ ісіне араласуын түсіндіргісі келеді. Қате түсініктер қалыптастыру қоғамдық пікірді АҚШ‑тың аймақтағы шынайы мақсаттарынан қысқа уақытқа және уақытша алдарқата алғанымен бұл саясат ақыры аймаққа таңылған дағдарысты шешуге еш көмектеспейді. Басты фактор болғандықтан АҚШ‑тың аймақтық дағдарыс тудырудағы рөлін жасыру мүмкін емес. АҚШ Таяу Шығыс аймағының ісіне араласып отырғанда Иранды аймақ ісіне араласады деп айыптайды. Иран Сыртқы істер министрі Дохада сөйлеген сөзінде: «Иран қай жерге әскери кеңесшілерін жіберсе, мұны сол елдің ресми өтініші арқылы атқарды. Иран Сириядан осы елдің үкіметі өтініш білдірген жағдайда ғана өз әскерилерін алып кетеді»,‑деді.

АҚШ Иранға айып тағу арқылы өзінің ойынша қоғамдық пікірді алдарқатудың ең оңай жолын қолданып отыр.

Америкалық теоретик Ноам Хомский АҚШ‑тың бұл саясатын сараптап: «АҚШ‑тың стратегиялық мақсаты – Израиль мен араб елдерінің даму үстіндегі коалициясын нығайтып, оларды Иранмен қарсыласуға қосу. Өйткені, Иран АҚШ‑тың аймақтағы үстемдігіне қарсы күресіп, Израильдің қатігездік жасау еркіндігін шектеп отыр»,‑деді.   

АҚШ аймақтың ішкі ісіне аралсуын түсіндіру үшін аймақтағы кейбір елдер арқылы дағдарыс тудырып, оны өршітеді. Өкінішке орай, Парсы шығанағы маңындағы кейбір араб елдері осы үдеріске жақтасып, миллиардтаған долларлық қару‑жарақ сатып алып, гибридтік соғысқа кірісті.  Сирия мен Йеменде мұның аянышты салдарына куә болдық.

Зариф осыған қатысты: «Сауд Арабиясы мен БАӘ АҚШ пен Ұлыбританиядан алған қару‑жарақтарды қолданып, Йеменді тамұққа айналдырды. Бұл елдің он мың адамы саудиялық коалицияның Йеменге жасаған әуе шабуылдары барысында қаза тапты»,‑деді.

Зарифтің Дохадағы сөзінің айқын жолдауы бар. Аймақ елдері осы түйткілдерден өтуге және реалистік сипаттағы қауіпсіздік жүйесін құруға талпыныс жасауы керек.