Теһран Ирактың тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігінің сақталуын қалайды
ИИР Ирак үкіметі мен халқының ішкі істерде қабылдаған шешімдерін, соның ішінде бөгде елдердің күштерін елден шығару, мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешімдерін қолдайтынын жариялайды.
ИИР Сыртқы істер министрі Хұсейн Амир Абдуллахиан сенбі күні «Иракты қолдау» атты аймақтық отырыста осы тақырыптарда сөйлеген сөзінде: «Лаңкестіктен ада жаңа Ирак бүгінде қайта жөндеу, ішкі жағдайды нығайту және аймақтық әріптестікті дамытуды қажет етеді. ИИР Ирактың тұрақтылығы, қауіпсіздігі, тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы, қадір-қасиеті, абырой-айбыны, аймақтық және халықаралық сахнадағы орнының жоғарылауын қолдайды, сондықтан екіжақты және аймақтық әріптестікті дамытуға дайын»,-деді.
Иран Сыртқы істер министрі Бағдад отырысында сөз сөйлеп, 20 жылдан аса уақыт бойы аймаққа таңылған түйткілдерге тоқталды. Осы үдерісте қатты зиян көрген елдердің бірі – Ирак. Бірақ бұл Иракты күрделі жағдайдан шығаруда тығырыққа тірелді деген сөз емес.
Ирак бөгделердің араласуы салдарынан көптеген қиындыққа ұшырады, соғыс, тұрақсыздық пен бейберекеттік белең алды. Мұндай жағдайда бөгделердің араласуынсыз аймақ елдері арасында әріптестік пен әрекеттестік жасау – аймақта тұрақты қауіпсіздік орнатудың басты шарты.
Иран Сыртқы істер министрінің Бағдад отырысындағы сөздері де аймақтық саясат пен қауіпсіздік салаларында ынтымақтастық жасаудың маңыздылығын еске салды.
Ақпараттық сарапшылардың пікірінше, Иран Сыртқы істер министрінің сөздерінде Бағдад отырысына қатысқан тараптардың әрқайсысына арнайы жолдау бар.
Иран Сыртқы істер министрі аймақтағы қиыншылықтардың себебін бөгде күштердің болуы деп атап: «АҚШ пен басқа да бөгде күштер аймақтан шықпайынша, бұл жерде тыныштық болмайды»,-деді.
Ирактағы БАҚ өкілдерінің көбі Амир Абдуллахиан сөзінің осы бөлігіне тоқталып: «Аймақ елдері арасында өзара сенім болмайынша қауіпсіздік орнамайды. Теһран Ирактың диалог тілін таратудағы рөлін қолдайды»,-деді.