Бруджерди: АҚШ Конгресінің қаулылары «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын бұзады
Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссиясының төрағасы АҚШ Конгресінің Иранға қарсы қаулыларын «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын бұзу деп атады.
Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссиясының төрағасы Алауэддин Бруджерди жексенбі күні Теһранда Еуропа парламентінің өкілі Ричард Ховитпен кездесуінде: «Иран Ислам Кеңесі Мәжілісі АҚШ Конгресінің «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қатысты шараларын жіті бақылап отыр, қажет болған уақытта осы бағдарламаның бұзылуына қатысты жауап беретін болады.
Лаңкестерге қаржылай және әскери қолдау көрсету, кейбір аймақтық елдер тарапынан лаңкестердің Сирияға кіруіне шекараның ашылуы аймақта соғыс отын өршіте түсті. Демократия мен адам құқығын қорғаушымыз деп уәж айтушы елдер іс жүзінде аймақтағы лаңкестік топтардың негізгі демеушілері болып табылады»,-деді.
Еуропа парламентінің өкілі Ричард Ховит те осы кездесу барысында: «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы Иран мен Еуропа үшін ынтымақтастықтың жаңа тарауын ашты. Еуропа Одағы Иранмен саяси-экономикалық және мәдени қарым-қатынастарды дамытуға ынталы»,-деді.
Ховит Иранның лаңкестікпен күрес бойынша шараларына алғыс айтып: «Иранның лаңкестікпен күрес ісіндегі тәжірибесі және еуропалық елдермен ақпараттық және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығы лаңкестік топтарды жоюға көп көмектесе алады»,-деді.