Сандерс Клинтонның АҚШ-тың президенттік сайлауына қатысуын қолдады
Бірнеше апта өткеннен кейін АҚШ демократтарының партия ішіндегі сайлауының солшыл үміткері Берни Сандерс Хиллари Клинтонды қолдады.
Сандерс Нью-Гэмпшир штатындағы сайлау алды митингісінде: «Хиллари Клинтон – АҚШ-тың Президенті болуға ең лайық адам»,-деді. Осылайша Сандерс жақтастарын өзінің бұрынғы бәсекелесіне дауыс беруге шақырды.
Партиялас бәсекелесі ойыннан шыққан соң Хиллари Клинтон Демократтар партиясының негізгі үміткері ретінде ағымдағы жылдың қараша айында өтетін президенттік сайлауға қатысу үшін соңғы қадамын жасады. Әрине, Сандерстің қолдауы жарияланбас бұрын Клинтон демократтардың партияның ішкі сайлауында қажетті дауыс саны бойынша жеңіске жеткен болатын. Сол тұрғыдан Сандерстің шешімі Демократтар партиясының келешек сайлауға қатысатын үміткерін анықтайтын Ұлттық конвенция мүшелерінің ұстанымдарына өзгеріс енгізе алмайды. Бұған қарамастан, кезеңаралық сайлауда 10 млн-нан астам жақтаушыға ие болған солшыл ұстанымдағы Сандерстің қолдауы Клинтон үшін сайлаудың қорытынды кезеңінде шешуші сипатқа ие болуы мүмкін. Сандерс бір жылдан астам сайлау кампаниясында елдегі жағдайға наразылардың көбін өзіне тартып, жастардың сүйікті үміткеріне айнала алды. Ал бұл жағдайда Клинтон партия ішіндегі сайлауда көптеген жетістіктерге жеткенімен елдегі жағдайды қорғаушылардың символы болып танылды. Осы тұрғыдан ол АҚШ-тың реформашыл жастарының қолдауына ие емес. Демократтар партиясының басшылары Сандерстің Клинтонды қолдайтыны жарияланғаннан кейін басты үміткер осы партияның либерал фракциясы, жастар мен кейбір партиядан тыс саяси ағымдардың қолдауына ие болатындығына үміттенеді. Осы мақсатқа жету үшін Клинтон Сандерстің кейбір солшыл ұрандарын өзінің сайлау бағдарламасына қосуға мәжбүр болды. Мысалы, Сандерстің Клинтонды қолдайтынын жариялауы есесіне тегін жоғары білім беруге талпыну, минималды жалақы деңгейін жоғарылату, арзан медициналық сақтандыруды кеңейту, Wall Street-тегі сауда-экономикалық белсенділіктерді реттеу Клинтонның қараша айындағы сайлауда жеңіске жетуі үшін партияның күн тәртібіне қойылатын уәделері деседі. Ақырында осындай өзгерістерден соң Сандерс партия ішіндегі сайлау аяқталғаннан бірнеше апта өткеннен кейін Клинтонды қолдайтынын білдірді.
Алайда Сандерсті жақтаушылардың қаншасының Клинтонды қолдайтыны әлі белгісіз. Олардың көбі үшін Сандерстің соңғы айларда күрескен нәрселерінен Клинтонның 180 дәреже айырмашылығы бар. Сандерс осы аралықта сан рет Wall Street-тің үстемдігіне қарсы шықты. Ал бұл жағдайда халық арасында 20 демократ және республикашыл үміткердің ешқайсысы партия ішіндегі бәсекелестік барысында Хиллари Клинтондай Wall Street-ке бағынышты деп танылмаған болатын. Сонымен қатар, Хиллари Клинтонның ішкі және сыртқы көзқарастарының кейбірі консерваторлардың құндылықтарына жақынырақ. Сол тұрғыдан Сандерсті қолдаушылардың бір тобы жалпы сайлау барысында Клинтонға дауыс бермеуі ықтимал. Бұған қарамастан, бәсекелес партияның үміткері, яғни Дональд Трамп демократтар мен либерал ағымдардың жүрегіне үрей ұялатқаны соншалық, АҚШ-тың ұстамшыл және солшыл фракцияларындағы Клинтонды қатты сынаушылардың өздерінің «жаман» мен «жаманырақ» деген екеудің арасынан таңдаудан басқа амал қалған жоқ.