Иран Қазақстанның Алматы қаласында болған лаңкестік әрекетті айыптады
Иран СІМ-нің ақпарат хатшысы Бахрам Ғасеми Қазақстанның Алматы қаласында орын алған адамгершілікке жат лаңкестік әрекетті айыптады.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Бахрам Ғасеми: «Көрші елде лаңкестік әрекеттердің жиілеуі алаңдаушылық тудырады. Аймақтың барлық мемлекеттері бірлесе күш жұмылдырып, осы зұлым құбылыспен күресуі керек»,-деді. Иран СІМ-нің ақпарат хатшысы, сондай-ақ: «Террор мен қатігездік қандай формада, қай жерде, қай кезде болса да, айыпталып, қабылдауға келмейтін әрекет болып табылады»,-деп баса айтты. Осындай жағдайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы атысты «теракт» деп атап, осы елдің қоғамдық орындарында қауіпсіздік шараларын арттыруға бұйрық берді. Назарбаев, сондай-ақ, Қазақстан азаматтарын бірлескен түрде арандатушылық әрекеттерге қарсы тұруға шақырды.
Қарулы адамдар дүйсенбі күні Қазақстанның Алматы қаласындағы бір полиция басқармасына шабуыл жасап, жергілікті көздердің мәліметінше, 4 полиция қызметкерін өлтіріп, бірнеше адамды жаралаған. Осы шабуылдан кейін полиция Алматыда «қызыл» деңгейдегі қауіпті жағдай жариялап, қалада ауқымды қауіпсіздік амалдарын жүргізді.