Қазақстан Президенті Гүлен қозғалысына қарасты мектептер туралы пікір білдірді
(last modified Sun, 07 Aug 2016 11:26:52 GMT )
Там 07, 2016 17:26 Asia/Almaty
  • Қазақстан Президенті Гүлен қозғалысына қарасты мектептер туралы пікір білдірді

"Түркияның қарсыластарына Қазақстанда орын жоқ". Бұл сөздер Қазақстан Президентінің Орта Азия елдерінде Гүлен қозғалысына қарасты мектептерді жабу туралы Түркияның өтінішіне жауап ретінде сөйлеген сөздерінің бір бөлігі болып табылады.

Түркияға сапар шеккен Нұрсұлтан Назарбаев баспасөз конференциясында: «Түркия үкіметіне қауіп болып табылатын кез-келген адамға Қазақстанда орын жоқ. Астана мұндай адамдарды қолдамайды. Анкара Фетхулла Гүленге қатысы бар деп санаған барлық қазақ-түрік лицейлері тексерілетін болады. Егер олардың Гүлен қозғалысына қатысы бар екендігі  анықталса, олардың мұғалімдері ауыстырылады»,-деп мәлімдеді.

Түркияның  Гүлен қозғалысымен күресі елдің ішімен шектеліп қалмайды. Фетхулла Гүлен басқаратын «Хизмет» қозғалысының Орта Азия, Кавказ бен Азияның оңтүстігі мен шығысындағы мәдени шараларының кеңдігіне байланысты Анкара үкіметі бұл елдерден осы қозғалысқа қарасты мектептердің жұмысын тоқтатуды сұрады.

Назарбаев Түркияда сөйлеген сөзінде бұл мектептерде білім беру деңгейінің  жоғары және қазақ оқушылары санының ауқымды екеніне тоқталып, Түркияның өтінішін қарастырып, Гүленге қарасты мектептердің мұғалімдері ауыстырылатынын айтты.

Назарбаевтың айтуынша, бүгінде 9 000 бала Гүлен қозғалысына қарасты қазақ-түрік лицейлерінде оқиды. Орта Азия, Кавказ бен Азияның оңтүстігіндегі елдердің осындай мектептерінде оқитын оқушылар саны да аз емес. Сондықтан Гүлен мектептерін қабылдаған елдерде қаражат тапшылығы мен білім беру мүмкіндігінің төмендігін ескере отырып, бұл елдер Түркия үкіметінің Гүлен мектептерін жабу туралы өтінішіне оңайлықпен жауап бере қоймайды.

Мұнымен қатар Гүлен мектептерін қабылдаған елдердің Түркиямен қарым-қатынасы «Хизмет» қозғалысына қарасты мектептердің жұмысының жалғасуына байланысты бұзылуы ықтимал. Бірақ, Қазақстан Президенті Түркияға сапармен барып, осы елдің қайраткерлерімен сұхбаттасу арқылы қатынастың бұзылмауына барынша күш салды.

Түркия Президенті Ердоғанның өзінің қазақ әріптесімен кездесуінде жасаған өтініші мен Гүлен қозғалысына қарасты 33 мектептен тұратын тізім ұсынуын және осындай жағдайдың жалғасуына алаңдаушылық білдіруін осы тұрғыдан бағалауға болады.

Қазақстан Президентінің түрік әріптесіне жауабы да сақтықпен айтылған. Назарбаев: «Егер мұғалімдер арасында терроризмге қатысты адам болса, ешқандай шартсыз Түркияның өтінішін қабылдаймын»,-деді.

Әрине, Қазақстан Президенті өз сөзінің бір бөлігінде Астана мен Анкараның саяси-экономикалық байланыстарын еске салып, Түркия тарапының Гүленге қарасты мектептерді жабу туралы өтінішінің күшін азайтуға бар күшін салды. Алайда Анкара қайраткерлерінің осы мектептердің жабылуынан басқаға көне қоюы екіталай.

Түркияның Қазақстандағы Гүлен мектептерінің жұмысына қатынасы Орта Азия, Кавказ бен Оңтүстік-шығыс Азия елдеріндегі осындай мектептердің жұмысын жалғастыру, шектеу, тіпті тоқтатуға үлгі бола алады.

Осы шарттар жиынтығы 15 шілдеде болған сәтсіз төңкерістің Түркия үшін тудырған экономикалық, әлеуметтік және ішкі қауіпсіздік мәселелерімен бірге енді Түркияның сыртқы саясатына да таңылып отыр.