Иран мен Әзірбайжан республикасының президенттері Бакуде ақпарат отырысын өткізді
Иран мен Әзірбайжан республикасының президенттері екі елдің экономикалық, сауда- саттық және қауіпсіздік, әсіресе лаңкестікпен күресу салаларында қос жақты әрі көп жақты ынтымақтастықтарын кеңейтуді мақсат етіп отырғандарын қуаттады.
«Parstoday» тілшісінің хабарлауынша, ИИР президенті Хасан Рухани жексенбі күні Бакуде Әзірбайжан республикасының президенті Илхам Әлиевпен бірлескен ақпарат отырысында сөйлеген сөзінде: «Иран мен Әзірбайжан республикасының аймақ пен әлемнің саяси және экономикалық тақырыптарындағы көзқарасы бірдей. Екі елдің осы негіздерде ешқандай көзқарас айырмашылығы жоқ» деді.
ИИР президенті бүгін Бакуде Иран мен Әзірбайжан республикасының орталық банктерінің төрағалары арасында қол қойылған меморандумдарға сілтеме жасап: «Банк саласындағы байланыстарды кеңейтуге және өнеркәсіп пен технология салаларында инвестиция салуға алғышарт әзірленді» деді.
Иран президенті Теһранның аймақ мәселелері туралы саясаты жөнінде де: «Иран аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауын, мемлекеттердің жер тұтастығының сақталуын және қиыншылықтарды келіссөз арқылы шешуді қалайды» деді.
Әзірбайжан республикасының президенті Илхам Әлиев те ақпарат отырысында елінің аймақтың экономикасының дамуы шеңберінде Иранмен сауда- саттық байланысын кеңейту үшін, әсіресе осы елмен және Каспий өңіріндегі өзге мемлекеттермен әріптестікті ұлғайту үшін барынша күш салатынын мәлімдеді.
Әлиев Әзірбайжан республикасында «Iran Khodro» компаниясының жұмысын бастауына ризалық білдіріп, осы шараның өз елі үшін маңызды өзгеріс деп атады.
Әзірбайжан республикасының президенті сондай- ақ осы елдің «Солтүстік- оңтүстік» дәлізін тезірек іске қосуға, лаңкестікпен күресуге және шын исламды таныстыруда Иранмен ынтымақтастық жасауға әзір екендігін мәлімдеді.