Рухани: «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы – халықаралық сахнада ынтымақтастық жасаудың үлгісі
ИИР Президенті «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын халықаралық сахнада қайшылықтың орнына диалог өткізу пен ынтымақтастық жасаудың үлгісі деп атады.
Хасан Рухани Нью-Йорк уақыты бойынша сәрсенбі күні БҰҰ Бас ассамблеясының жетпіс екінші отырысы аясында осы ұйымның Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесуінде: «Баршаның, әсіресе осы ұйым хатшылығының міндеті – «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын сақтап, оны нығайту. Бұл мәселе БҰҰ Бас хатшысының №2231 қарардың орындалу үдерісі туралы есептерінің шынайы әрі тәуелсіз болып, ынтымақтастықтарды нығайтуға септігін тигізуін қажет етеді»,-деп баса айтты.
Рухани сөзінің келесі бөлігінде Таяу Шығыс аймағындағы, әсіресе Сирия мен Йемендегі маңызды тақырыптарға тоқталып: «Йеменде әскери шабуылдар мен соғыс қылмыстарын жасаудың жалғасуы қатты алаңдатуда. Бұл елде барлық халықаралық конвенциялар ұдайы бұзылып жатыр. Йеменге қарсы бұл соғыс негізсіз және барлық ережелерге қайшы басталып, әйелдер мен балаларды бомбалаумен жалғасып келеді. Халықаралық ұйымдардың көбі бір елдің онда соғыс қылмыстарын жасағанын растап отыр»,-деді.
ИИР Президенті Сирия мәселесі жөнінде Теһранның осы елде сындарлы рөлін жалғастыруға дайын екенін қуаттап: «Лаңкестікпен күрес үдерісінде басты негіз – елдердің егемендігі мен біртұтастығын сақтап қалу. Қазіргі жағдайда гуманитарлық мәселелер де Сириядағы басты бағдарлардың бірі болып отыр»,-деді.
Пан Ги Мун де осы кездесуде Сирия мен Йемен дағдарыстары үшін берік шешім жолын табу қажеттігін айтып, ИИР-нан осы дағдарыстарды шешуге көбірек қолдау көрсетіп, рөл атқаруды сұрады.