Рухани: Иран мен Еуроодақ лаңкестікпен күресу үшін әріптестік жасауы қажет
ИИР Президенті Иран мен Еуроодақ лаңкестікпен күресіп, аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кеңесіп, әріптестік жасауы қажеттігін қуаттады.
Президент аппараты баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, Иран Президенті Хасан Рухани сенбі күні Теһранда Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Федерика Могеринимен кездесуінде: «Лаңкестікке кез-келген қолдау көрсету – аймақ пен әлемдегі лаңкестерге үміт беру деген сөз. Саяси күшті пайдаланып, лаңкестердің аймақтық демеушілеріне қысым жасау лаңкестікпен күреске айтарлықтай әсер ететін болады»,-деп баса айтты.
Рухани Иран мен Еуроодақтың аймақтық мәселелерді шешу үшін әріптестік жасауы қажеттігін қуаттап: «Сирия мәселесін әскери жолмен шешуге болмайды. Еуроодақ аймақтық елдердің әріптестігімен Сирияда тұрақтылық пен тыныштық орнату саласында көбірек белсенділік танытса, әсерлі болмақ»,-деді.
Иран Президенті, сондай-ақ, Иран мен «алтылық» елдерінің ядролық келісімін екі тараптың әріптестіктерін кеңейту және халықаралық мәселелерді шешу үшін тиімді үлгі деп атап: «ИИР «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қатысты өзінің барлық міндеттемелеріне берік. Сондықтан осы бағдарлама баянды болуы үшін қарсы тараптың да өзінің барлық принциптері мен міндеттемелерін толық орындайтындығына үміттенеді»,-деді.
Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Федерика Могерини де осы кездесуде Иран мен «алтылық» елдерінің ядролық келісімінің өзара әріптестікті дамыту шүшін қолайлы кеңістік тудырғанын айтып: "Еуроодақ «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын орындауға міндетті және ортақ мүдделерді қамтамасыз ету үшін Иранмен экономикалық ынтымақтастықтарды кеңейтетіндігіне сенімді»,-деді.