Әзірбайжан Республикасы Ресейден қару-жарақ сатып алды
Әзірбайжан Республикасы Ресейге Арменияға қару-жарақ сатқаны үшін наразылық білдірген соң ресейлік ақпарат көздері Бакудің Мәскеуге осыдан біраз бұрын қару-жараққа тапсырыс бергенін хабарлады.
Осыған қатысты «Virtualaz» ақпарат сайты ресейлік ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлағандай, Әзірбайжан Республикасы 2011-2014 жылдар барысында құны 4 млрд долларды құрайтын қару-жарақтарды Ресейден сатып алуға тапсырыс берген. Осы мәліметке сәйкес, «Коммерсантъ» газеті бір сараптамада Ресей Премьер-министрінің орынбасары әрі үкіметтегі әскери-техникалық әріптестіктерді үйлестіруші Дмитрий Рогозиннің Бакуге сапары жайында былай деп жазды: «Баку мұнай бағасының төмендеуіне байланысты Ресейден сатып алған қару-жарақтардың бір бөлігінің құнын төлей алмайды деседі. Рогозиннің Бакуге сапары да 2011 жылғы келісімшарт негізінде Әзірбайжанға сатылған қару-жарақтардың бір бөлігінің құнын төлеудің кешеуілдеуін талқылау мақсатында жүзеге асырылды». Осы тақырыпқа қатысты «Русская Планета» интернет сайты да Рогозиннің Бакуге сапарын сараптауда: «Әзірбайжан Республикасы 2011-2014 жылдар аралығында Ресейге тапсырыс берген құны 4 млрд долларды құрайтын қару-жарақтарға С-300 зымырандары, Т-90S танкілері, «Смерч» от шашатын жүйелер және басқа да басқыншылық қарулары жатады»,-деп жазды.
Мамандар Әзірбайжан Республикасының Ресейден қару-жарақ сатып алуын осы ел үшін, әсіресе Армениямен территориялық қайшылықты тоқтату үшін маңызды деп санайды. Шындық мынада: Әзірбайжан Республикасының әскери бюджеті Арменияның әскери бюджетінен 13 есе артық. Мұнымен бір мезгілде Арменияның ауыр экономикалық жағдайы бұл елдің армиясының соғыс қабілетін төмендетіп жіберді. «Global Fire Power» ұйымының есебі бойынша, Әзірбайжан Республикасының армиясы әлем елдері армиялары арасында 64 орында, ал Армения армиясы 74 орында тұр. Арменияның барлық әскери көрсеткіштері бұл елдің әскери күш-қуат тұрғысынан Әзірбайжан Республикасынан артта қалғанын көрсетеді. Қарабах қақтығысын әскери жолмен шешуге дайындалу мақсатында Әзірбайжан Республикасының армиясын нығайтудың күн тәртібінде тұрғандығы күмәнсіз. Илхам Алиев үкіметіндегі қайраткерлердің көзқарастары мен әзірбайжандық басшылар мен халықтың минималды сезімдері Баку басшылығы осы елдің басып алынған жерлерін, әсіресе Қарабах аймағын Армениядан қайтарып алуға ынталы екендігін көрсетеді. Алайда өткен онжылдық барысында Илхам Алиев үкіметінің әскери қару-жарақ сатып алуы Қарабах қақтығысына әсер еткен жоқ. Кей жағдайда әзірбайжан-армян қайшылығының күшеюіне алып келді. Бірақ соғыстың қайта басталуы туралы тақырып аймақ пен әлем деңгейінде жіті қадағалануда. Қазіргі жағдайда ресейлік әскери мамандардың көбінің пайымдауынша, Армения Әзірбайжан Республикасының әскери шабуылына қарсы тұра алмайды. Ал бұл жағдайда Ресейдің Арменияны қорғауы оңай болмайтын көрінеді. Өйткені Армения мен Ресейдің ортақ шекарасы жоқ. Армениямен құрлық бойынша шекарасы бар Грузия Арменияны қорғауды көздейтін Ресей армиясы үшін басты кедергі болмақ. Осындай жағдайда Арменияны қолдаймын дегеннің өзінде Ресей тек Каспий теңізі арқылы әуе шабуылдары мен әуеден қолдауды ғана қанағат тұтатын болады. Алайда Ресейдің мұндай көмегі әзірбайжан-армян қайшылығының жағдайын өзгерте алады деп айту қиын. Ресейлік мамандардың сенімінше, егер Түркия Әзірбайжан Республикасына көмектесіп, Грузия бейтарап қалатын болса, Баку үкіметі бірнеше күннің ішінде Әзірбайжан Республикасының басып алынған жерлерін қайтарып ала алады. Ресейдің таңдау жолдары да көп емес. Сол себепті Мәскеу соғысты бастаушы болмас үшін Бакуден тиісті кепілдіктерді алуы тиіс. Бұлай болмаған жағдайда Әзірбайжан Республикасы Ресейдің қару-жарақтарымен армяндарды қырып-жоятын болады.
Жалпы алғанда Ресей қайраткерлері Әзірбайжан Республикасы мен Арменияға бір мезгілде қару-жарақ сата отырып, үнемі аймақта соғыс басталып кетуінен алаңдайды деп айтса болады.