"Тәжікстан жерінен Талибанға ресейлік қарулар жөнелтілуде" деген қауесет теріске шығарылды
(last modified Tue, 14 Feb 2017 02:25:26 GMT )
Ақп 14, 2017 08:25 Asia/Almaty

Кабулдағы Тәжікстан елшісі Ауғанстан Парламентіндегі Құндыз уалаяты өкілінің «Тәжікстан жерінен Талибанға ресейлік қарулар жөнелтілуде» деген уәжін негізсіз деп атады.

"Фарс" ақпарат агенттігінің Душанбеден хабарлауы бойынша, Кабулдағы Тәжікстан елшісі Шарафаддин Имамов Ауғанстан Парламентіндегі Құндыз уалаятының өкілі Абдолвадуд Пейманның «Тәжікстан жерінен Талибанға ресейлік қарулар жөнелтілуде» деген уәжін жоққа шығарып: «Бұл қауесеттер өткен аптада Ауғанстан Парламентінің депутаты Құндыздан оралған соң айтылды.

Пейманның бұл хабарды растайтын еш дәлелі жоқ . Ол осы хабардың Ауғанстанның ақпарат құралдарында жарияланғаны үшін кешірім сұрады» деді.

Ауғанстан Парламентінің депутаты өз мәлімдемесінде «Пәкістаннан Ауғанстанның солтүстігіне қару жеткізу мүмкін емес жағдайда ресейлік қарулар Тәжікстан арқылы Аму өзенінен Құндыз уалаятындағы Арчи және Дарғад аймақтарына жеткізілуде» деген уәж айтқан болатын.

Алайда Кабулдағы Тәжікстан елшісі: «Соңғы 12 жылда Тәжікстанның оңтүстік шекараларын тәжік шекарашылары күзетіп отыр. Ешбір ресейлік әскеридің бұл елдің шекаралық аймақтарына қатысы жоқ. Шекараны күзету үшін Тәжікстан шекарашылары тарапынан арнайы камералар орнатылған» деді.