Америкалықтар сөз арқылы өз бәсекелестерінің көзін құртуды мақсат етіп отыр
Иран Ислам кеңесі Мәжілісінің төрағасы: "Америкалықтар сөз арқылы өз бәсекелестерінің көзін жоюды көздеп отыр. Иранға ұшақ сату мәселесі де дәл осы мақсатта жасалды",- деп мәлімдеді.
Иран Ислам кеңесі Мәжілісінің төрағасы Али Лариджани бейсенбі өзінің Оңтүстік Кореяға сапарының соңғы күні тілшілердің алдында америкалықтардың санкциялар салу туралы қоқан-лоққы жасауын қайталама әрі бос сөз деп атап: "Мәселе америкалық басшылардың көбінің саудагерсымақ сипатта әрекет етуінде болып тұр",- деді.
Лариджани сондай-ақ "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасының америкалықтар тарапынан бұзылып жатқанына тоқталып: "Ядролық келісім БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тарапынан бекітілген халықаралық келісім саналады. Бұл келісімді бұзу америкалықтардың өздері үшін де тиімсіз",- деді.
Ол кісі мемлекеттердегі диктаторлық кезеңнің аяқталғанын, енді мемлекеттердің тәуелсіз болуды қалайтындықтарын баса айтып: "АҚШ үкіметі халықаралық заңдарға сәйкес әрекет етуі тиіс. Өз саясаттарын өзгерту олар үшін тиімсіз болмақ",- деді.
Лариджани сондай-ақ Сауд Арабиясының лаңкестерге қолдау жасамау керектігіне тоқталып: "Қазір ДАИШ лаңкестік тобының қолында қайдан қамтамасыз етілгені белгісіз құны 30 миллиард долларды құрайтын қару-жарақ бар",- деп мәлімдеді.
Иран Ислам кеңесі Мәжілісінің басшысы Теһранның аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатудағы әсерлі әрекеттеріне сілтеме жасап: "Кейбір елдер ДАИШ-ке көмектесіп жатқан кезде Иран Ирак пен Сирия үкіметтеріне лаңкестердің көзін жоюға жәрдем беруде",- деді.
Лариджани сонымен қатар Корея түбегінің саяси мәселелерін шешу қажеттігін қуаттай келе, ИИР-ның Оңтүстік және Солтүстік Корея елдерінің мәселелерін шешу үшін өзінің байланыстарын пайдалануға әзір екендігін мәлімдеді.