Гамбургте G 20 тобының отырысы аяқталды
(last modified Sun, 09 Jul 2017 10:37:42 GMT )
Шіл 09, 2017 16:37 Asia/Almaty
  • Гамбургте G 20 тобының отырысы аяқталды

Гамбургте жыл сайын өтетеін G 20 тобының отырысы ауа-райының өзгеруі туралы келісімнен бастап, сауда-экономикалық саясаттарды қамтитын алып үкіметтердің әртүрлі салалардағы саясаттарына қатысты он мыңдаған қарсы адамдардың шеруіне қарамастан өткізілді

G 20 тобының бас қосуы аясында болған оқиғалар оның ресми барысымен салыстырғанда  қызу өтті. Трамп пен оның отбасының жағымсыз әрекеттері мен оның ауа-райының өзгерісі туралы келісімнен шығуы және америкалық тауарларға қолдау көрсетуге байланысты саясаттары АҚШ президентінің G 20 тобының отырысы мен Гамбург көшелерінде сынға алынуына себеп болды. Германия канцлері әрі G 20 тобының екі күндік отырысын ұйымдастырушы Ангела Меркель өткен бас қосуды "өте күрделі әрі ауыр" деп бағалады. Басқа жағынан, тыныш Гамбург қаласы соңғы бірнеше күннің ішінде он мыңдаған наразының көшелердегі зорлық-зомбылығына куә болды. Наразылық шерулердің қатты болғаны соншалықты, АҚШ президентінің жұбайы Мелани Трамп қонақ үйде қалуға мәжбүр болды. Германия Қаржы министрі Вольфганг Шойбленің сөз сөйлеу бағдарламасы да дәл осы себепке байланысты жүзеге аспады. Наразылық шерулерін ұйымдастырушылардың пайымдауынша G 20 тобы әлеуметтік әділетсіздікті шарықтау шегіне жеткізген жүйеге қолдау көрсетіп отыр.

2008 жылдан бері көптеген еуропалық мемлекеттер мен АҚШ-тың жағасынан алған экономикалық дағдарыстың басталуымен Батыс елдері жастарының басым бөлігі өз ата-аналары секілді дәулетті өмір қалыптастыруға мүмкіндіктері болмағандықтан капитализмге қарсы қозғалыстарға қосылып жатыр. АҚШ, Грекия, Португалия мен басқа да Оңтүстік Еуропа елдерін жайлаған дағдарыс жастардың басым бөлігінің капитализмді толық жеңіліс пен сәтсіздікке ұшыраған құрылым деп мойындап, басқа жаңа және маңыздырақ балама іздеуіне себеп болды. Осы арада қоршаған ортаны қорғаушылар да капитализмге қарсы қозғалыстарға қосыла бастады. Қоршаған ортаны қорғаушылардың пікірінше, экономиканың жаһандануы мен әлемде көп ұлтты компаниялардың етек жаюы климаттық өзгерістермен күреске көмектеспеуімен қатар, ауаның ластануы мен жер беті температурасының артуының маңызды факторларының бірі саналады. Сол себепті қоршаған ортаны қорғаушылардың көпшілігін солшыл және капитализмге қарсы қозғалыстар мен ағымдардың жағына шыққан деп айтуға болады.

"Үлкен жиырмалық" тобының саммитінде қарастырылған және қорытынды мәлімдемеде қамтылған тақырыптардың бірі ауа-райының өзгеруі туралы Париж келісімі болып табылады. Дональд Трамп АҚШ-тың Климат жөніндегі Париж келісімінен шығатыны туралы мәлімдеп, бұл келісімнің жүзеге асуын үлкен қиындықтарға ұшыратты. Климат жөніндегі Париж келісімі бірнеше жылдық талпыныстар мен қоршаған ортаны ластаушы және көмірқышқыл газын таратушы ең үлкен екі мемлекет - АҚШ пен Қытай арасындағы келіспеушіліктерді шешу мақсатында өткізілген сәтсіз келіссөздердің бірнеше кезеңінен кейін 2015 жылы Парижде ауа-райының өзгеруі туралы отырыста қол қойылып, бекітілген еді. Гамбургте өткен саммиттің қорытынды мәлімдемесінде былай деп жазылды: "2015 жылғы климат жөніндегі Париж келісімі қайтымсыз мәселе болды. Ол "жиырмалық тобының" басқа мүше елдерінің осы келісімге берік екендігін растады".

G 20 тобының отырысында тағы бір маңызды мәселе көтеріліп, отырыстың қорытынды мәлімдемесінде де бұл тақырыпқа сілтеме жасалды. Ол – лаңкестікпен күрес мәселесі. "Үлкен жиырмалық" тобының басшылары  лаңкестік топтардың қаржылай ресурстарының жолын жабуды қолдайтындықтарын мәлімдеді. Бұл мәселе сондай-ақ "үлкен жетілік" тобының  бас қосулары секілді басқа да отырыстарда қарастырылған мәселелердің бірі саналады. G 20 тобының лаңкестікпен күрес туралы келісімдерінің қиындығы мен осы келісімдердің лаңкестік топтардың әрекеттері мен қатерлерін азайтуда нәтижесіз болуының себебі лаңкестік және лаңкестік топтармен күрес ұғымдарының айқын анықталмауында жатыр. Батыс үкіметтері лаңкестікке қарсы екіұшты әдісті пайдаланады. Олар өз елдерін басқыншы режимнен қорғап жатқан "Хезболла" мен ХАМАС-ты лаңкестік топтардың тізіміне енгізсе, басқа жағынан Сирия үкіметіне қарсылық танытып жатқаны үшін кейбір лаңкестік топтарға қолдау көрсетіп отыр. Сириядағы соғыс пен қантөгістің жалғасуы тек Батыс үкіметтерінің лаңкестік топтармен күресте екіұшты саясаттарды пайдалануына байланысты. Шын мәнінде, G 20 тобының Гамбургте өткен отырысы әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін ешқандай нәтиже бермеді. Ал қорытынды мәлімдеме шеңберінде айтылған мәселелер тек қағаз бетінде айтылып қала бермек.