Трамп – соғысқұмар
(last modified Mon, 14 Aug 2017 10:09:27 GMT )
Там 14, 2017 16:09 Asia/Almaty
  • Трамп – соғысқұмар

Әскери қаруды пайдалану немесе соғыспен қоқан-лоққы жасау Вашингтонда күнделікті тақырыпқа айналған.

Дональд Трамп билік басына келгеннен бастап алты айдың ішінде үнемі соғыс немесе шабуыл жасау туралы сөз айтып келді. Осы аралықта Трамп Сириядағы әуе базасына зымыран атуға бұйрық бердіген еді. АҚШ әскерінің Ауғанстандағы қолбасшылығы "бомбалардың анасы" деген атпен танымал ядролық емес бомба тастады. Трамп тұспалдап, Солтүстік Кореяға атомдық шабуыл жасаумен қоқан-лоққы жасады. Сонымен қатар Венесуэланың саяси дағдарысына араласу үшін әскери күшті пайдалану туралы айтты. Бұл оның "Ортақ қадам" деп аталатын Иран мен "алтылық" топ арасындағы ядролық келісімге қарсылығы, АҚШ-тың Ауғанстан, Ирак пен Сириядағы стратегиясын өзгерту және Азияның батысында жаңа соғыс отының өршу ықтималдығы туралы әрдайым айтататын уәждері күшейген кезде орын алып отыр.

Бұл уәждер мен әрекеттер АҚШ-тың қазіргі үкіметінің халықаралық мәселелермен күресуде Американың бұрынғы үкіметтеріне қарағанда қаттырақ әрі айқынырақ түрде өз билігін пайдалануды көздеп отырғанын көрсетеді.

АҚШ Ұлттық Барлау басқармасының бұрынғы директоры Джеймс Клеппер Корея түбегіндегі дағдарыс жайлы: "Дональд Трамп пен Солтүстік Корея арасындағы айтыс шиеленісіп, шектен шығып, әлемдік әскери қақтығысқа ұласуы мүмкін. Бұл мәселе маған Бірінші Дүниежүзілік соғыстың тарихы мен әлемнің осы соғысты қалай бастап кеткенін есіме түсірді. Адамдар өткеннен сабақ алып, бұрынғы қателіктерді қайталамайды деп үміттенемін",- деді.

Трамп "АҚШ-ты қайтадан гүлдендірейік", "Алдымен АҚШ" секілді уәждер айту арқылы бұл елді қырғи қабақ соғысы кезіндегі қос полярлы әлемдегі «алтын кезеңге» немесе Шығыс блогы ыдырағаннан кейінгі жалғыз қуатты держава болған кезеңге қайтаруға талпыныс жасауда. Осы мақсатқа жету үшін АҚШ президенті әскери құралдарды пайдалану немесе қорқыту саясатын ұстанып отыр.

Жиырма бірінші ғасырдың үшінші онжылдығына қадам басқалы отырған әлемдегі қазіргі жағдай мен жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы әлем жағдайының арасы жер мен көктей. Ең үлкен айырмашылық АҚШ-тың ұлттық қуаты мен бұл елдің халықаралық жүйеге әсер ету деңгейінде жатыр. Қазіргі таңдағы АҚШ – өз азаматтарының әл-ауқатын көтеруге бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыру үшін жеткілікті қаражаты жоқ, инфрақұрылымдары тозып-біткен қарыздар мемлекет. Ал Трамп пен оның идеологиялық кеңесшілерінің ойындағы басқыншылық саясаты басқаларға қоқан-лоққы жасау үшін қыруар ақшаны қажет етеді.

Сондай-ақ бүгінгі әлем көпполярлы әлемге айналған. Сондықтан даму үстіндегі және дамымаған халықтардың көпшілігі америкалықтардың қоқан-лоққыларынан қорқа қоймайды. Сол себепті Сирияға атылған зымырандар, Трамптың Ресей, Иран, Венесуэла мен Солтүстік Кореяға жасап жатқан ескертулері мен қоқан-лоққылары Вашингтонды алға қойған мақсаттарына жеткізбеді.

 

Тегтер