Лас-Вегастағы трагедия
ДАИШ па, әлде алжыған қарт па, АҚШ-тың заманауи тарихындағы ең үлкен жаппай қырғынды жасаған адам бір мүмкіндікті пайдаланды. Ол – АҚШ-та қару сатып алудың кітап сатып алудан жеңіл әрі арзандығы.
Лас-Вегас оқиғасы ДАИШ лаңкестерінің шабуылы болсын немесе рақымсыз қылмыскердің қырғыны болсын, келешекте де қайталанады, өйткені АҚШ қоғамында мұндай қанды қырғынның орын алуына жағдай жасалған. Егер ДАИШ-тың Лас-Вегастағы кемінде 50 адамның қырылуын мойынына алуы дәлелденсе, бұл мәселе АҚШ-тың қайтадан лаңкестік шабуылдарға шырмалғанын көрсетеді. Бұл мәселе бұған дейінгі лаңкестік шабуылдардағы адам шығындарынан өзгеше. Яғни, бұл АҚШ-тың қазіргі үкіметінің қауіпсіздік шараларының сындарсыздығын көрсетеді. Бұл жолғы оқиғадағы қылмыскер АҚШ-тың өзінде өмір сүретін америкалық азамат болды. АҚШ Президенті Дональд Трамп болса елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сылтауратып, мигрантофобия мен исламофобия сезімдерін оятып, шетелдіктер мен мигранттардың, тіпті босқындардың кіруіне кедергі жасап отыр. Егер Лас-Вегас қанқұйлы оқиғасындағы ДАИШ-тың рөлі дәлелденсе, АҚШ-та бөгделерге қарсы жаңа толқын көтеріліп, Трамптың мигранттарға әсіресе мұсылмандарға қарсы саясаттарын іске асыруы үшін жақсы мұрсат пайда болады.
Алайда АҚШ үкіметі ДАИШ-тың уәждерін теріске шығаратын болса, АҚШ қайтадан рақымсыз қырғынмен бетпе-бет келуде деген мәселе туындайды. Сырт көзге АҚШ қоғамына қатысты бұл құбылыста қылмыскер немесе психикасы бұзылған немесе қоғамдық жағдайдан шаршаған адам қолына ыстық қаруды оңай түсіріп, ешбіреуіне бас араздығы жоқ халыққа қарсы қолданады. Әдетте, қанқұйлы апаттың қылмыскерлері басқаларды өлтіріп, соңында өздерін де өлтіреді. Олар үшін кішкентай баланың, оқушы немесе көшедегі концертке қатысушының ешқандай айырмашылығы жоқ. Негізінде, қылмыскер де, зардап шеккендер де – АҚШ-тағы зорлық-зомбылық саясаттары мен еркін қару саудасының құрбандары. АҚШ – өз Конституциясында қару ұстауға ерік берген әлемнің бірінші мемлекеті. Сондай-ақ, қару мәселесіне шектеу қоймақ болған кез келген талпыныс АҚШ Конституциясына қайшы болып табылады. Бір бөлігі сайлаудың аванс төлемі ретінде саясаткерлердің қалтасына құйылатын АҚШ-тың қару-жарақ шығаруы мен сатуының қаржы айналымы қару ұстауға қатысты заңға өзгеріс енгізуді қиындатуда. Қорыта айтқанда, Лас-Вегас оқиғасы бір адамның немесе бір топтың ісі болса да, АҚШ-тың соңғы трагедиясы емес. Келесі оқиға тіпті 60 адамның қаза болуы мен 500-ден астам адамның жаралануынан да ауыр болуы мүмкін.