Рухани: Иранның сыртқы саясаты әлеммен сындарлы қарым-қатынас орнатуға негізделген
ИИР Президенті Иранның сыртқы саясатының негізінің әлеммен сындарлы және абыройлы қарым-қатынас орнату екенін қуаттап: "ИИР әрқашан аймақ мәселелерін тайталас арқылы емес, келіссөздер арқылы шешуге талпыныс жасап келеді",- деді.
Иран Президенті Хасан Рухани сейсенбі күні телеарнадан сөйлеген тікелей сұхбатта ИИР-ның Ирак пен Сирияға лаңкестермен күресуге көмектескеніне, сондай-ақ, Иран, Ирак және Түркияның Ирактың Күрдістан аймағының мәселесіне қатысты ынтымақтастық жасағанына тоқталып, Иранның аймақтың қауіпсіздігін қалайтынын қуаттады.
Хасан Рухани Иранның аймақтағы Сауд Арабиясы сынды бірді-екілі ел болмаса, басқа елдермен, соның ішінде Ресей, Түркия, Ирак, Катар, Ауғанстан және Пәкістанмен жақсы қарым-қатынас орнатқанына тоқталып: "Сауд Арабиясы аймақтағы сәтсіздіктері мен ішкі мәселелерін жасыру үшін Иранды дұшпан ретінде көрсетуге әрекет жасауда",- деді.
ИИР Президенті Иран мен Еуроодақтың жақсы қарым-қатынасқа ие екендігін айтып, Иран мен әлем мемлекеттері арасындағы сауда қарым-қатынастарының жақсарғанын хабарлады. Ол сонымен бірге Иранды аймақтың энергетика, темір жол мен ғаламтор орталығы деп атап, Иранның көршілес елдердің көбімен электр қуатымен алмасатынын, жақын арада Иран темір жолының шекаралас барлық елдерге қосылатынын баса айтты.