Трамптың Сириядағы жаңа авантюристік шарасына Иран мен Ресей ескерту жасады
(last modified Thu, 12 Apr 2018 12:03:01 GMT )
Сәу 12, 2018 18:03 Asia/Almaty
  • Трамптың Сириядағы жаңа авантюристік шарасына Иран мен Ресей ескерту жасады

Ирак пен Сирияда қарсыласу қозғалысының жеңіске жетуі мен осы екі елде тәкфирлік лаңкестік топтардың жеңілістері АҚШ-тың ескі уәждерін қайталап, Сирияда жаңа авантюристік әрекеттерді көздеуіне себеп болды.

"Құдс: біздің қатынасымыз бен мақсатымыз" атты халықаралық конференцияға қатысу үшін Сирияға барған Ислам революциясы жетекшісінің халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Әли Акбар Велаяти сәрсенбі күні Дамаскта IRNA ақпарат агенттігіне берген сұхбатында АҚШ-тың Сирияны Шығыс Ғуте ауданындағы Дума қаласында химиялық қару қолданды деп айыптауына тоқталып: "Сирия армиясы Шығыс Ғутеде лаңкестерді жеңіп, ірі жеңістерге жетті. 7 жылдан кейін Дамасктің айналасында қауіпсіздік қайта орнады. Сондықтан АҚШ пен оның одақтастары өздерінің Сириядағы жеңілістерін жасыру үшін жаңа қастандық жасауды көздеп отыр",-деді.  

Бұдан бұрын да Дональд Трамп химиялық шабуылды сылтауратып, Хомстағы әш-Шариат әскери әуе базасына ондаған зымыран атуға бұйрық берді. Алайда жуырда атақты америкалық жазушы Симор Херш: "Сол кезде АҚШ-тың ОББ Трампқа  Сирия үкіметінің өткен жылы сәуірде Идлиб қаласы маңында орналасқан Хан-Шейхунға жасалған химиялық шабуылға қатысы барлығын дәлелдейтін ешбір құжаттың жоқтығын айтты",-деп мәлімдеді.

Теһран университеті зерттеулер орталығының Таяу Шығыс мәселелерінің зерттеушісі, саяси сарапшы Эмад Абшенас "Спутник" ақпарат агенттігіне берген сұхбатында: "Америкалықтар мен саудиялықтар тарапынан қамтамасыз етілетін лаңкестер Шығыс Ғутеде жеңіліс тапты. Сондықтан АҚШ пен Израиль Сирияда күш тепе-теңдігін бұзуға талпынып жатыр. АҚШ Сириядағы химиялық шабуыл деген сылтауды соғыс амалдарын жүргізу үшін шығарып отыр",-деді.

АҚШ Сирияда лаңкестік топтарды қолдағанына қарамастан бүгін өзін осы дағдарыста жеңіліс тапқан ел санайтындықтан, Сирия дағдарысының шешілуіне кедергі жасауға күш салып жатыр. Басқаша айтқанда,  Трамптың әрекеттері мен қоқан-лоққыларын лаңкестік топтардың жеңілісі мен АҚШ-тың аймақтың ішкі істеріне араласуына сылтаудың жойылғанын жасыру үшін жасалып жатыр деп  түсінуге болады. Бұл жеңілістер Вашингтон, эр-Рияд пен Тель-Авив үшін шығынды болғаны анық.  Сол тұрғыдан  АҚШ-тың Сирияда тағы бір авантюристік шараға бару ықтималы зор.  

Көрнекті араб сарапшысы Абдулбари Атван "Рай әл-Яум" газетінде жариялаған сараптамасында: "АҚШ пен оның одақтастарының Сирияда химиялық оқиғаны қолдан жасап, осы елдегі әскери нысандарға шабуыл жасап, соғыстың екінші кезеңіне, яғни жүйені өзгерту кезеңіне өту үшін Tomahawk зымырандарын атуы әбден мүмкін. Бұл дүниежүзілік соғыстың басталуына әкеліп соқтырады. Өйткені, ресейліктер қорлыққа төзе алмайды",-деді.

Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Әли Шамхани да АҚШ-тың біржақты шаралар атқарып, халықаралық құқықтарды аяқ асты етіп, Сирияның ұлттық егемендігін бұзуының салдарлары жайлы ескертіп: "АҚШ-тың Сириядағы ақылға қонымсыз қатынасы – отпен ойнаудың айқын мысалы. Бұл елдегі әскери сахна АҚШ-тың қарсы реакцияға ұшырамай, Сирияға біржақты түрдегі басқыншылығын жалғастыруына жол бермейді",-деді. 

 

Тегтер