Исламабад Иранды Пәкістанның темір жол саласына инвестиция салуға шақырды
Пәкістанның Темір жол министрі Иранды өз елінің темір жол желілерін дамыту және қайта жөндеуге инвестиция салуға шақырды.
Саад Рафик бейсенбі күні Исламабадта Иранның Жол және қала құрылысы министрі Аббас Ахундимен кездесуінде Пәкістанның стратегиясының Иранмен барлық салаларда, әсіресе инфрақұрылым саласында әріптестікті дамытуға негізделгенін айтты.
Пәкістанның Темір жол министрі Кветта-Захедан жолаушылар пойызын қайта іске қосу қажеттігіне мүдделік танытып, екі елдің осы жөніндегі бұрынғы келісімдеріне тоқталып: "Исламабад осы темір жол желісін жаңарту ісін халықаралық компанияларға тапсыруды көздеп отыр. Егер ирандық компаниялар осы салада жұмыс істей алса, қуана қабылдар едік",-деді.
Иранның Жол және қала құрылысы министрі де кездесуде екі елдің темір жол саласындағы әріптестігінің әлеуеттеріне тоқталып, Гвадар-Чабаһар темір жол желісін салу керектігін айтты.