Ресейдің Самара қаласындағы 3 сауда орталығында бомба қойылды деген қоқан-лоққы жасалды
Бейсенбі күні Ресейдің Самара қаласындағы 3 сауда орталығы бомба қойылды деген қоңыраудан кейін босатылды.
Самара – «Ресей-2018» әлемдік футбол чемпионаты өтіп жатқан қалалардың бірі. Осы сауда орталықтарында бомба қойылғаны туралы ақпарат телефон арқылы берілген.
Телефон арқылы қоқан-лоққы жасау Ресей үшін күрделі мәселеге айналып отыр. 2017 жылдың қыркүйек айынан Ресейде басталған телефон арқылы лаңкестік тақырыбында қоқан-лоққы жасау осы күнге дейін бұл елдің әртүрлі қоғамдық орындары мен ғимараттарынан 700 мыңға жуық адамның шығарылуына себеп болды.
Ресейдің қауіпсіздік басшылары телефон арқылы қоқан-лоққылардың елден тыс жерден жасалатынын және қоқан-лоққыларға ДАИШ лаңкестік тобы мүшелерінің қатыстылығын хабарлады.