Иранның мұнай экспортына тыйым салу: сөзден әрекетке дейін
(last modified Mon, 09 Jul 2018 14:11:50 GMT )
Шіл 09, 2018 20:11 Asia/Almaty
  • Иранның мұнай экспортына тыйым салу: сөзден әрекетке дейін

Бұл күндері Иранның мұнай экспортына тыйым салу мен оның көлемін нөлге түсіру мәселелері зерттеу орталықтарының назарынан тыс қалмады. Осы әрекеттің салдарынан мұнай бағасының әрбір баррель үшін 150 долларға дейін артатыны жайлы ескерту жасалды.

АҚШ президенті Дональд Трамп алдағы қараша айына дейін Иранның мұнай экспорты көлемін нөлге түсіру үшін іске кірісті. Сауд Арабиясының королімен телефон арқылы сұхбаттар өткізуден, Еуропа мен Шығыс Азияны Ираннан мұнай сатып алуды доғаруға көндіру үшін сол аймақтарға америкалық делегацияларды жіберуге дейінгі әрекеттер АҚШ-тың мұнай саласындағы Иранға қарсы жүзеге асырған шараларының қатарын құрайды. Алайда, қазіргі мынадай сауал туындап отыр: осындай біржақты саясат арқылы әлемдік мұнай нарығынан Иран секілді маңызды әрі қуатты мұнай өндірушіні шығарып тастау мүмкін бе? Тіпті, бұл жағдай іске асқан күннің өзінде оның салдарын болжап, басқаруға бола ма?

ИИР президенті Хасан Руханидың АҚШ-тың Иранның мұнай экспорты көлемін нөлге дейін қысқарту мақсатындағы талпынысы жайлы айтқан кесімді әрі мағыналы сөздері жоғарыда қойылған сауалдарға жауап береді. Дональд Трамптың Иранның мұнайына тыйым салу үшін ұстанған бағыты дұрыс бағыт емес. Көпжақтылық жүйесі дәуірінде бұйрықты саясат арқылы саяси бағытты анықтау мүмкін емес. Хасан Рухани өткен дүйсенбі күні Швейцарияда тұратын ирандықтармен кездесуінде: "Америкалықтар Иранның мұнай экспортын толық бөгеуді көздейтіндіктерін мәлімдеді. Олар бұл сөздің мағынасын жете түсініп отырған жоқ. Себебі, Иран мұнайы экспортталмай, аймақ мұнайы экспортталсын деген сөздер мүлдем ақылға сыймайды. Егер сіздер мұны жүзеге асыра алсаңыздар, онда оның салдарларын көресіздер",- деді.

Иранның стратегиялық позициясы Иран мұнайы сатылатын нарықтың түрлілігі мен бәрінен маңыздысы Иранның ауыр мұнайының сапалылығы іс жүзінде Иран секілді мұнай ойыншысын нарықтан шеттетуге жол бермейді. Иранның мұнай экспорты көлемін нөлдік деңгейге дейін қысқарту Дональд Трамптың "бәрі немесе ешқайсысы" саясаты шеңберіндегі бос қиял ғана. Бұл қиялды АҚШ-тың Сауд Арабиясымен бұйрықты сипаттағы қатынасынан байқауға болады. "Өндіріс көлемін арттырыңдар, себебі, мен сендерден азғана ақша алып, сендерді қорғап, қауіпсіздіктеріңді қамтамасыз етемін". Бұл сөзді Трам Сауд Арабиясының басшыларына айтты.

Сауд Арабиясының Иран мұнайына тыйым салуын өтей алатындай әлеуеті мен қабілеті жоқ. Сауд Арабиясы ағымдағы жылдың өзінде мұнай көлемін күніне 11 миллион баррель деңгейінде зорға сақтап отыр. S&P Global институтының сарапшысы Гэри Рас: "Күніне 11 миллон баррель мұнай өндіру Сауд Арабиясының мұнай құрылымына шамадан тыс қысым келтіру дегенді білдіреді", - деді.

Bloomberg ақпарат агенттігі де жексенбі күні жариялаған хабарында: "Қараша айында Иранға қарсы санкциялар күшіне еніп, жүзеге асқанда, мұнай өндірушілері Иран өндірісінің құлдырауының орнын толтыра алатындай тиісті әлеуетке ие емес. Егер Трамп Иранның мұнай экспортын толығымен тоқтата алатын болса, мұнай өндірушілер Иранның күніне ұсынып отырған 2 миллион 700 мың баррель көлемін толтырып отыруы тиіс. Бұл жағдайда мұнай нарығында үлкен шұңқыр пайда болады. Оны толтыру оңай іс емес",- деп жазды.

Иран мұнайын экспорттауға толығымен тыйым салу Дональд Трамп үшін оңай іске аса қоймайды. Тіпті, Сауд Арабиясының АҚШ президентінің қалауын орындауға техникалық тұрғыдан да, іс жүзінде де шамасы келмейді. Әлемдік мұнай нарықтарының қазіргі жағдайына байланысты Иранның мұнай экспорты көлемін нөлдік деңгейге дейін қысқартудың салдары әлем үшін зиянды болмақ. Дональд Трамптың авантюристік әрекетті әлемді мұнай мәселесіне қатысты шынайы есеңгіретті. АҚШ президенті әлемдегі мұнай айналымында өте қауіпті кезеңді таңдады. Себебі, бұл циклдан Иран секілді стратегиялық мұнай өндірушіні нарықтан шығару міндетті түрде ауыр салдарын тигізеді.