Еуропа "Ортақ қадам" келісімін сақтап қалу жолында талпыныс жасауда
Иран СІМ Мұхаммад Джавад Зарифтың айтуынша, әлем "Ортақ қадам" бағдарламасын сақтап қалуға бағытталған іс-шараларды үйлестіру қажеттігі жайлы бір ортақ шешімге келді.
Зариф Сингапур сапары мен Оңтүстік-Шығыс Азия одағына (ASEAN) мүше елдердің СІМ-лерінің саммитынан қайтар кезде Еуропа одағының Сыртқы саясат жөніндегі басшысы Федерика Могеринимен кездесуіне тоқталып: "Қос тарап бұл кездесуде Иран халқының "Ортақ қадамнан" алатын пайдасына көз жеткізу үшін Еуропа одағы мен басқалардың жүзеге асыратын шараларының егжей-тегжейін талқылады",- деді.
Еуропа одағының Сыртқы саясат жөніндегі басшысы Федерика Могерини де жұма күні Сингапурдың Нанянг университетінде сөйлеген сөзінде: "Біз Иранмен заңды түрде сауда-саттық жасау мақсатында әлемнің жер-жеріндегі өзіміздің халықаралық серіктестерімізбен ынтымақтастығымызды жалғастырамыз. Себебі, "Ортақ қадам" келісімі бәріміздің жалпы қауіпсіздігіміз бен Еуропа одағының қауіпсіздігі үшін пайдалы",- деп мәлімдеді.
Бұл сөздер Еуропа үшін "Ортақ қадамды" сақтаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. "Ортақ қадам" келісімін сақтау Еуропаның "Ортақ қадам" келіссөздері мен ядролық келісімге қол жеткізу үдерісіндегі саяси беделін қорғау болып табылады.
Қазіргі таңда тіпті бұл істі жүзеге асыру ауыр болып көрінгенімен еуропалық алып державалар олардың дипломатиялық стратегияларының арқасында АҚШ-тың "Ортақ қадамнан" шығуынан туындаған қиындықтан аман-есен өтетіндіктеріне үміттеніп отыр. Могеринидің пайымдауынша, АҚШ-тың қуатты экономикалық тетіктері оларға қарама-қарсы орналасқан, алайда Еуропаның "Ортақ қадамды" сақтауға ынтасы зор.
Еуропа "Ортақ қадамды" алмастыратын басқа таңдаудың жоқ екендігін жақсы біледі. Экономикалық тұрғыдан да Иранмен сауда қарым-қатынастарын орнатудан Еуропа елдерінің айтарлықтай деңгейде пайда көргенін де айтып кеткен жөн.
Иранмен "Ортақ қадамды" жүзеге асыруды жалғастыру саласында Еуропаны ауыр жол күтіп тұр. Бірақ, соған қарамастан ол АҚШ-тың қысымдарымен қарсыласудың қажет екенін сезіп отыр. Осы жағдайда Иран мәңгі-бақи күтіп отыра бермейді деп айтқан жөн. Сол себепті осы үдеріске қатысты екі маңызды жайтты еске салу керек: бірінші жайт еуропалықтар тарапынан АҚШ шыққан жағдайдағы "Ортақ қадам" келісімін жүзеге асыру туралы берік әрі айқын кепілдіктердің берілуі болып табылады;
екінші жайт, уақыт факторына байланысты, басқаша айтқанда, келіссөздердің мерзімі мен міндеттемелерді жүзеге асыру мерзімін анықтау өте маңызды. Бүгінгі таңда Иранның экономикалық белсенділіктерінің бір бөлігі келіссөздердің нәтижесіне байланысты созылып жатыр. Мұндай жағдайда Могеринидің сөзін екіұшты деп айтуға болады. Бір жағынан, Еуропа Иранмен ынтымақтастықтарын жалғастыруды қорғаса, басқа жағынан Еуропа АҚШ-тың айтқанына бағынып отыр. Соның салдарынан Еуропа уақытын босқа зая кетіріп, Иранмен ынтымақтастық жасау мұрсатынан айрылады. Бұл таңдаудың Еуропа үшін пайдалы болмайтыны белгілі.