Сирия лаңкестермен соғыста 400 млрд доллар зиян шекті
(last modified Fri, 10 Aug 2018 12:53:07 GMT )
Там 10, 2018 18:53 Asia/Almaty
  • Сирия лаңкестермен соғыста 400 млрд доллар зиян шекті

БҰҰ Сириядағы 7 жылдан астам соғыстың шығынының шамамен 400 млрд доллар болғанын хабарлады.

Бұл есеп БҰҰ-ның Таяу Шығыс істері жөніндегі экономикалық және әлеуметтік комиссиясының ұйымдастыруымен 50-ден астам сириялық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен отырыстың соңында жарияланды. БҰҰ бұл статистикалық мәліметтің қақтығыстарда қаза тапқан адамдардың санын қамтымағанын айтты. Сирия халқының жартысынан көбі соғыс басталған соң 7 жылдың ішінде босқынға айналып, 350 мыңнан астам адам қаза тапты. Сирияға қарсы лаңкестік соғыс осы елдегі тұрғын аудандар мен күре жолдардың, емдеу және оқу орталықтарының, кеңселер  мен инфрақұрылымдық нысандардың басым бөлігінің қирауына себеп болды.   

Сирия дағдарысына шолу жасап, мынадай жағдайға куә боламыз: кейбір Батыс елдері араб билеушілерінің қолдауымен  Сирияның ісіне араласып, елде тек реформа жасалуын қалаған кейбір наразылықтарды теріс пайдаланып, лаңкестерге демеушілік жасап, Сирияға мыңдаған лаңкес жіберу арқылы наразылықтарға лаңкестік сипат беріп, осы елде ауқымды дағдарыстың қалыптасуына себеп болды. Батыстан басқарылған терроризм Сирия халқын нысанаға алды. Алайда Батыс елдері алдарқататын жарнамалары арқылы Сирияда лаңкестерге заңдылық беруді көздеді. Батыс қолдаған лаңкестердің Сирияға қарсы соғысы осы елдің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларының басым бөлігінің жойылуына соқтырды. Сирияның ең маңызды табыс көздерінің бірі саналған туризм индустриясы соғыс салдарынан жойылды.

Сирия Президентінің саяси-ақпараттық істер жөніндегі кеңесшісі Басина Шабан араб елдеріндегі қастандықтан туындаған қирандылар көлемінің АҚШ пен оның жалдамалыларының осы елдің саяси-экономикалық инфрақұрылымдары мен өркениетін жоюға талпыныс жасағанын көрсететінін айтты.

Ирак пен Сириядағы қирандылардың көлемі де Батыс елдерінің аймақтағы бүлдіргі мақсаттарын ілгерілету үшін әртүрлі тәсілдерді қолданып отырғанын көрсетеді. Лаңкестікке қарсы америкалық коалиция осы екі елде лаңкестерді нысанаға алудың орнына инфрақұрылымдық нысандарға шабуыл жасауда. Сирияға қарсы лаңкестік соғыс бұл елге тікелей және жанама түрде ауыр шығын әкелді. Соның ішінде Батыс елдерінің Сирияға қарсы санкция салуынан туындайтын қатерлер де бар. Батыс елдерінің экономикалық қастандықтарының аясында Сирияға көбірек экономикалық соққы беру үшін бұл елге қарсы санкцияларды жалғастыру АҚШ пен Еуропа басшыларының күн тәртібінде тұрды. Батыстың Сирия халқына қарсы санкция салуы АҚШ, Франция мен Ұлыбританияның "Сирияның достары" деген атаумен отырыстар өткізіп, өздерін халықтың жанашыры етіп көрсеткен жағдайда орын алды. Бұл кезде Сирияда өздерінің отандастарына қару кезеніп, лаңкестер сияқты ешбір қылмыстан аянып қалмаған қарсыластар Батыс елдерінің ауқымды қолдауына ие болды.  Батыс елдері Сирияға қарсы жауластық әрі бүлдіргі саясаттарын күшейтіп, оларды ауыр жағдайға ұшыратып, іс жүзінде бұл елді қазіргі замандағы ең ауыр гуманитарлық дағдарыстардың біріне жеткізді. Бұл мәселе БҰҰ-ның есебінде айтылған.

 

Тегтер