АҚШ-тың санкциялары – Иран халқымен жауласудың шарықтау шегі
Көптеген жарнамамен іске қосылған АҚШ санкцияларының екінші кезеңі тікелей Иран халқына бағытталған. Бұл жолдағы ақталу қоғамдық пікірді алдарқату үшін жасалған талпыныс саналады.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің «Иранға қатысты шаралар» тобының басшысы Брайан Хук сейсенбі күні: «Иранға қарсы ауыр санкция салынғанымен дәрі‑дәрмек, медициналық жабдықтар мен ауыл шаруашылығы тауарларын сатуға ешқашан санкция салынған емес, бұл жолы да салынған жоқ»,‑деген уәж айтты.
ИИР СІМ‑нің ақпарат хатшысы Баһрам Ғасеми Брайан Хуктың осы сөзіне танытқан реакциясында: "Америкалықтар өтірік пен айла арқылы және бұрыс сөздерінің тасасында өздерінің Иран халқына қарсы зұлым әрі жауыз шараларын өз халқының мүддесіне сай әрекеттер деп көрсетуге талпынып жатыр",-деді. Брайан Хук сәрсенбі күні АҚШ‑тың Иранға қатысты максималды қысым стратегиясының Иранның мұнайдан түсетін табыстары сақталатын есеп‑шоттарға қысым жасау үшін де қолданылатынын айтты. АҚШ Мемлекеттік департаментінің «Иранға қатысты шаралар» тобының басшысы тіпті ешбір елдің Иран мұнайын тасымалдауға немесе сақтандыруға құқығы жоқтығын айтып, қоқан-лоққы жасады.
АҚШ‑тың ұзақ тізім қалпында дайындалған санкцияларының бір ғана басты мақсаты бар: ол – Иран халқын экономикалық тұрғыдан қысымға алу. Иран мұнайын сатуды тоқтату және әуе компаниялары мен теңіз флотына санкция салу халықтың тұрмысымен тікелей байланысты. Халықаралық заңдар бойынша, бұлар адам құқығын бұзу саналады. Осы салада БҰҰ‑ның Адам құқығы және біржақты жазалау шаралары жөніндегі баяндамашысы Идрис әл‑Джазири АҚШ‑тың жаңа санкцияларының Ирандағы қарапайым халыққа зиян тигізетінін айтып, АҚШ‑тың ИИР‑ға қарсы біржақты санкцияларының қайта салынуын «жауыздық» деп атады.
АҚШ‑тың қазіргі үкіметінің Иран халқымен жауластығы бұл елдің Иранға қарсы ұзын‑сонар санкциялық тізімінен айқын көрініс тапты. АҚШ басшылары өз кінәсін өзгеге жабу арқылы санкциялар кезеңінде өздерін Иран халқының жанында тұрғандай көрсете алмайды. Басқаша айтқанда, АҚШ 2018 жылдың қараша айының бесінен бастап Иран халқымен экономикалық соғыс бастады. Алайда, бұл жаңа қатынас емес. Ислам революциясы жеңіске жеткен кезден бастап АҚШ Иран халқына санкция салып келеді. Бұл жөнінде Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи биылғы 13 абанда оқушылар және студенттермен кездесуінде сөйлеген сөзінде: «Осы 40 жылдағы америкалықтардың әрекеттерінің бірі экономикалық соғыс жүргізу болды. Қазір санкциялар Иранға қарсы жаңа шара деп айтылып жүр. Шын мәнінде, бұл АҚШ халқын алдау ғана, өйткені санкция тақырыбы Ислам революциясы жеңіске жеткеннен бастап болған»,‑деді.
АҚШ‑тың Иран халқына қатысты адам құқығына қарсы шаралары Ислам революциясы жеңіске жеткеннен бері ешқашан үзілген емес. АҚШ‑тағы Иранның активтерін бұғаттау – осындай шаралардың тек бір үлгісі ғана. Бұған дәрі‑дәрмек санкциясы мен Иранның ұшақтарына салынған санкцияны қосуға болады. Бұлар Иран халқының денсаулығымен тікелей байланысты. Иран халқы америкалықтардың қаскүнем саясаттарымен жақсы таныс. Сондықтан америкалық басшылардың өтірік көз жастары мен жарнамасына алданбайды.