Иранның Йемен дағдарысын шешу туралы ұсынған жобасын сараптау
Иран СІМ Мұхаммад Джавад Зариф Twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында: "Бүгін саудиялық коалиция мен оның америкалық сыбайластарының жүзеге асырған соғыс қылмыстары мен Иранға қарсы масқара уәж айту арқылы олардың өз қылмыстарын бүркемелеу талпыныстарынан кейін Теһранның төрт баптан құралған жобасы осы күнге дейін ұсынылған Йемен дағдарысын шешу бағытындағы жалғыз таңдау жолы",- деп жазды.
Иран Йемен дағдарысын шешіп, саудиялықтардың бұл елдегі қылмыстарын тоқтату үшін талпыныс жасап жатыр. 2015 жылдың сәуір айында Сауд Арабиясы басқарған коалиция Йеменге қарсы шабуылдарын бастағаннан кейін-ақ Иран СІМ БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунға жолдаған хатында Йемендегі қауіпті жағдайға сілтеме жасап: "Қақтығысты доғару мен тез арада атысты тоқтату бітімін орнату, гуманитарлық көмек жіберу, йемендік барлық тараптар арасында саяси сұхбаттасуларды бастап, жалпыұлттық Үкімет құру Йеменде тұрақты бейбітшілік орнатудың негізгі төрт элементі саналады",- деген болатын.
Иран СІМ Мұхаммад Дажвад Зариф сондай-ақ, жуырда Испанияның астанасы Мадридке жасаған сапарында Йемен дағдарысын шешу үшін ұсыныс жасап, барлық йемендік саяси топтардың қатысуымен бұл елде жаңа үкімет құруды сұрап, Теһранның төрт кезеңнен тұратын ұсынысын еске салған болатын.
Таяу Шығыс мәселелері жөніндегі сарапшы Сейіт Һади Афқаһи Sputnik ақпарат агенттігіне берген сұхбатында: "Иран Йемендегі қақтығысты шешу жөнінде бейбітшілік орнатуды ұсынған алғашқы мемлекеттердің бірі. Иран бейбітшілік орнату туралы ұсынысын жүзеге асыру үшін бар күшін салады. Сонымен қатар, Иран келіссөздер үдерісіне қатысуға да дайын",- деді.
Иранға қатысты бос уәждердің қайталануына қарамастан, БҰҰ-ның Сарапшылар кеңесі Қауіпсіздік кеңесіне берген есебінде Теһранның Йеменде атысты тоқтату бітімін орнатуға бағытталған талпынысын Иранның Йемен дағдарысын тоқтатуда оң рөл атқаруға ықыласын көрсетіп отырғанын мәлімдеді.
Соңғы төрт жылдың ішіндегі Йемендегі соғыс пен қантөгіс – Сауд Арабиясы мен Риядтың бұл елге қарсы құрған коалициясы билікқұмарлығының салдары.
ИИР саудиялықтардың Йеменге басқыншылықтарынан кейін бұл елдегі соғысты саяси жолмен шешіп, оны доғаруға көмектесу үшін бірнеше рет талпыныс жасады. Алайда Сауд Арабиясының дағдарыс тудыршы әрекеттері Йемендегі соғыстың одан бетер өршуімен ғана шектелмеді.
Осы мәселеге қатысты ИИР-ның БҰҰ-дағы өкілі жұма күні БҰҰ-ның бас хатшысы мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасына жолдаған хатында: "Саудиялықтар Иранның қауіпсіздігі мен экономикасына қарсы әрекеттерді жүзеге асыруды да жоспарлап отыр",- деп мәлімдеді.
Қалай болғанда да аймақтағы дағдарыстарды тез арада тоқтатуға жасап жатқан талпынысы Иранның кесімді саясаты болып табылады. Йемен соғысы да ерте ме, кеш пе, аяқталады. Осы адами апат аяқталу үшін Йемен дағдарысын тоқтатуға деген шынайы ерік-жігердің пайда болуына үміттенеміз.