Зангане: АҚШ-тың қысымдарына қарамастан ОПЕК-тің мұнай өндірісінің көлемі қысқарды
Иранның мұнай министрі мұнай экспорттаушы елдер ұйымы ОПЕК-тің АҚШ-тың қысымдары мен кейбір жасырын мәселелерге қарамастан мұнай өндірісі көлемін қысқартқанын хабарлады.
Бижан Намдар Зангане жұма күні кешке Иранның Бірінші арнасына берген сұхбатында: "Иранның мұнай өндіру көлемінің жоғарғы шегі ОПЕК-ке мүше елдердің мұнай және энергетика министрлерімен Венада өткізген қарқынды келіссөздер барысында сақталып қалды.
ОПЕК ұйымының Аустрияның астанасы Венада өткізген 175-ші отырысында бұл ұйымның мұнай көлемін азайту туралы шешімі Иранға таңылмас үшін ОПЕК мүшелерімен 10 сағатқа жуық келіссөз өткіздік",- деді.
Иранның мұнай министрі сондай-ақ, Ресейдің ОПЕК-ке мүше емес елдердің мұнай өндірісі мәселесінде шешуші рөлге ие екенін айтып: "Ресей ОПЕК отырысында сындарлы рөл атқарып, ОПЕК-ке мүше емес елдердің 400 000 баррель мұнай өндірісі көлемін 230 000 баррельге төмендетуді өз мойнына алды",- деді.
Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының мүшелері өздерінің мұнай өндірісінің көлемін күніне 800 000 баррельге қысқартуға келісті. Ал Иран, Венесуэла мен Ливия бұл келісімнен босатылды.