Жапонияда G7 тобына мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің отырысы өтіп жатыр
G7 тобына мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің жыл сайынғы отырысы жексенбіден бастап екі күн бойы Жапонияның Хиросима қаласында басталды. Бұл отырыста терроризм, теңіз қауіпсіздігі, ядролық қаруларды таратпау, Украина дағдарысы мен Солтүстік Кореяның зымырандық сынақтарына қатысты мәселелер талқыланатын болады.
Жапония Хиросима отырысының ядролық қарулардың таралуымен күресуге жаңа серпін беретініне үміт білдірді. Бұл Жапонияның соңғы жылдары баса айтып келе жатқан мақсаты. Осы отырыс аясындағы келесі мақсат Джон Керри мен G7 тобына мүше басқа елдердің Сыртқы істер министрлерінің Екінші дүниежүзілік соғыста АҚШ-тың Хиросимаға тастаған атом бомбасы салдарынан қаза тапқандарға құрмет білдіру рәсімі болмақ. Джон Керри – АҚШ-тың атом бомбасынан 140 мың жапон тұрғыны қаза тапқаннан кейін Хиросима қаласына келген АҚШ-тың ең жоғары лауазымды тұлғасы. Бұл оқиға G7 тобына мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің екікүндік отырысына әсер ететіндігі анық.
Сыртқы істер министрлерінің отырысында күн тәртібіне қойылған мәселелердің санына байланысты жапондықтардың осы отырысты өткізуші ел ретінде отырыс барысында өзін қызықтыратын мәселелердің көбірек талқылануына күш салатыны және G7 тобының сол жөнінде шара ойластыруын қалайтыны айқын. Бұл мәселелердің басында Токияның Солтүстік Кореяның ядролық және зымырандық дамуына алаңдаушылығы тұр. Жуырда гидрогендік бомба мен жерсерік тасымалдайтын зымыранды сынақтан өткіздік деп уәж айтқаннан кейін Солтүстік Корея Жапония басшыларының Шығыс Азияда қару-жарақ бәсекелестігі күшейіп, тынышсыздықтың таралуынан қатты алаңдауына себеп болды. Әрине бұл орайда Жапонияның G7 тобындағы басқа серіктері, әсіресе АҚШ-тың да көзқарасы бір. Сондықтан бұл ел осы отырыста ядролық қарулардың таралуымен күреске қатысты көбірек шаралардың қарастырылуына талпыныс жасайды. Екінші мәселе – әлемде тәкфирлік лаңкестіктің таралуы. Ол Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкамен қоса, енді Еуропа, Америка, тіпті Шығыс Азияны да қамтып отыр. Жуырда Индонезияда болған лаңкестік шабуыл соның бір мысалы болып саналады. Бүгінде әлемнің әртүрлі жерлері ДАИШ және басқа да лаңкестік топтардың қоқан-лоққылары мен шабуылдарының қаупіне ұшырап отыр. G7 тобына мүше елдердің Сыртқы істер министрлері осы қауіппен күрес саласында да шешім қабылдайды деп күтілуде. Тағы бір мәселе – теңіз қауіпсіздігі. Қытайдың көршілес елдермен Оңтүстік Қытай теңізі және Қытайдың Шығыс теңізінде шиеленістерінің артуы және бұл елдің өзінің теңіздегі ықпалын кеңейтуге талпынысы G7 тобына мүше екі елдің, яғни АҚШ пен Жапонияның алаңдаушылығын тудырып отыр. Малака бұғазы мен Аден шығанағында теңіз қарақшылары әрекеттерінің кеңеюі де G7 тобын алаңдатып отырған мәселелердің бірі болып саналады. Украина дағдарысы және осы жолдағы тығырықты жағдайдың жалғасуы да G7 тобына мүше елдердің Сыртқы істер министрлері отырысының күн тәртібіндегі мәселе болып табылады. Қазіргі таңда бұл мәселе Батыс пен Ресей текетіресінің басты өзегіне айналды. Шын мәнінде Украина дағдарысы Ресейдің G8 тобынан шығып қалуына себеп болды. Әлемдің ірі индустриалды елдері G7 тобы құрамында өз жұмысын жалғастыруда. Бұдан бұрын Жапония үкіметі 2016 жылы 26-27 мамырда осы елде өтеді деп жоспарланып отырған G7 тобына мүше елдер басшылары саммитының басты мәселесінің Ресей Президенті Владимир Путинді осы саммитке шақыру болатынын жариялаған болатын. Ресейдің қатысуынсыз G7 тобының Германияда өткен 2015 жылғы саммитінде осы топтың мүшелері Мәскеуге Украина дағдарысына араласуды жалғастыру жөнінде ескерту жасап, Ресейді көбірек және ауырырақ санкциялармен қорқытқан болатын. Бұған қарамастан, жағдайдың өзгеруі G7 тобының кейбір ұстамды мүшелерінің Ресейді осы топқа қайта шақыру туралы мәселені көтеруіне себеп болды. G7 тобы әлем экономикасының 50 пайызға жуығын өз қарамағында ұстап отырған жеті индустриалды елден тұрады. Ресейдің осы топқа қосылуымен оның атауы G8 деп өзгертілді. Бірақ Ресейдің осы топтың жыл сайынғы отырысына шақырылмауы салдарынан оны атауы қайтадан G7 тобы деп өзгертілді.