Иран Еуропаға "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасына қатысты ескерту жасады
Еуропа жуырда Иранмен сауда жасауға арналған арнайы қаржы механизмінің тұсаукесер рәсімі өтеді деп айтып жатқан шақта Теһран еуропалықтардың уәде бұзушылықтарының жалғасу ықтималын ескертті.
ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы Бахрам Ғасеми "Ресей Бүгін" телеарнасына берген сұхбатында: "Егер Еуропа елдері "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасындағы өз міндеттемелерін орындамаса, Иран ядролық келісімге беріктігін қайта қарастырады",-деді.
Еуропа осы уақытқа дейін "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасына қатысты өз міндеттемелерін орындау үшін әртүрлі уәделер берді, бірақ үнемі кейінге қалдырып келеді. Еуроодақтың сыртқы саясат бөліміндегі ақпарат хатшысының сәрсенбі күні жариялаған жаңа уәдесі бойынша бұл одақтың Иранмен сауда жасауға арналған қаржы желісін іске қосу талпыныстары өзінің соңғы кезеңіне аяқ басты.
АҚШ-тың "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасынан шыққанына 9 айға жуық уақыт болды. Ал еуропалықтар бұрынғыдай ИИР-ның осы бағдарламадағы экономикалық мүдделерін кепілдендіру үшін арнайы механизм жасауға талпынып жатыр. Еуропалықтар 2018 жылдың 8 мамырында АҚШ "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасынан шыққан кезде өзінің әлемдік дипломатиядағы тарихи жетістігін сақтау үшін Ираннан осы келісімде қалуды сұрады. Бұл өтініштің орындалуы еуропалықтардың АҚШ санкцияларын әсерсіз қалдыратын бір механизмді жобалауына байланысты болды. Осы аяда Иран Еуропаға АҚШ-тың санкцияларына қарамай, Теһранмен әріптестікті жалғастыру үшін арнайы механизм жасауға шын ниетпен мұрсат берді.
"Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасының экономикалық тиімділіктерін пайдалану – Иранның заңды құқығы. Еуропа қаржы механизмін іске қосу арқылы бұл құқықты беремін деп ойламауы тиіс. "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы Иранға қарсы санкцияларды жою және экономикалық әріптестіктерді жеңілдету мақсатында қабылданды. Енді егер бұл үдеріс еуропалықтардың уәде бұзушылығы салдарынан қиыншылыққа ұшырайтын болса, Иранның бұл жағдайды өзгертуге толық құқығы бар.
Иран Теһранмен сыртқы экономикалық әріптестіктерді кепілдендіретін механизмнің орындалу жолында жеткілікті деңгейде ізгі ниет танытты. Алайда Еуропаға берілген мұрсат аяқталды.
АҚШ-тың "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасынан шығу тәжірибесі және енді еуропалықтардың Иранмен экономикалық әріптестікті кепілдендіру үшін берген уәдесінің бұлыңғыр болашағы Иран үшін түйткілдерден өту жолында ішкі қарым-қабілет пен жергілікті әлеуеттерді пайдаланудың жалғыз сенімді жол екенін көрсетті.
Еуропалықтардың "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын сақтау шығынын төлеуге күмәндануының жалғасуы ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету жолында басқаларды күтіп отыруға болмайтынын, олардың біреу үшін өздерін қатерге тікпейтінін дәлелдеді. Шешім қабылдауда тәуелсіз болудың шығындары бар. Иран өткен 40 жылда бұл шығынды төледі және әрдайым саяси-экономикалық қысымдар мен санкцияларға қарсы тұрып келді.
Ислам революциясынан кейінгі 40 жылда Иран тәуелсіз саясат ұстану арқылы аймақта ықпалды ойыншыға айналып, тәуелсіз дос елдермен әріптестік жасауда. Иран өзінің ішкі әлеуеттері мен қабілеттеріне сүйеніп ауыр кезеңдерді бастан өткерді.
ИИР-да АҚШ-тың санкцияларымен күресу үшін әртүрлі шешім жолдары бар. Теһранның аймақ елдері, көршілес елдер және Ресей мен Қытай сияқты алпауыт елдермен жақсы қарым-қатынасты нығайтуға талпынуы елдің экономикалық қиындықтардан шығу жолын жарқын етеді.