Еуропа Иранмен сауда жасауға арналған желінің іске қосылғанын ресми түрде жариялады
Бірнеше айлық талпыныстан кейін Еуропа бейсенбі күні кешке (31.01.2019) ресми түрде Иранмен сауда жасауға арналған желінің іске қосылғанын жариялады.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Германия Сыртқы істер министрі Хайко Маас, Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Джереми Хант және Франция Сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан Румынияның астанасы Будапешт қаласында Еуроодақ Сыртқы істер министрлерінің отырысынан кейін ортақ мәлімдеме жасап, INSTEX деп аталатын Еуроодақтың Иранмен қаржы желісінің іске қосылғанын ресми түрде жариялады.
Бұл мәлімдемеде айтылғандай, Германия, Ұлыбритания мен Франция БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарарымен бекітілген «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын сақтап қалу үшін жасалып жатқан талпыныстар мен алынған міндеттемелердің аясында сауда айналымын қолдау құралы ретінде INSTEX желісінің құрылғанын жариялады.
Германия, Ұлыбритания мен Франция Сыртқы істер министрлері осы мәлімдемеде INSTEX-тің Еуропа пен Иранның экономикалық белсенділері арасында заңды сауда айналымын жеңілдетуге арналған желі екенін айтып, өз елдерінің осы сауда айналымын қолдау құралын іске қосуға қажетті ашық та ықпалды орган құру үшін Иранмен әріптестік жасайтынын қуаттады.
NDR арнасының хабарлауынша, бұл қаржы желісінің орталығы Парижде орналасады және бір көрнекті германдық банкир осы орталықты басқаруды өз міндетіне алады. Ал Ұлыбритания бақылау кеңесінің төрағасы болады.