Жапония Премьер-министрі Теһранда келіссөз өткізді
(last modified Fri, 14 Jun 2019 00:09:36 GMT )
Маусым 14, 2019 06:09 Asia/Almaty
  • Жапония Премьер-министрі Теһранда келіссөз өткізді

Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ сәрсенбі күні түстен кейін жоғары лауазымды делегацияны бастап Теһранға келді.

Жапония Премьер-министрінің Иранға сапарының бірінші күні ИИР Президентімен келіссөз өткізумен басталды. Синдзо Абэнің бейсенбі күні  Ислам революциясының жетекшісімен кездесуі осы тарихи сапардың маңызды оқиғасы болды.

Сарапшылардың көбі бұл сапарды Жапонияның Иранмен қарым‑қатынасын кеңейтуге қызығушылығы аясында бағалады.

Синдзо Абэ ИИР Президенті Хасан Руханимен ресми келіссөздерден кейін өткен ортақ баспасөз конференциясында Токионың Иранмен қарым‑қатынасты кеңейтуге мүдделі екенін айтты. Жапондықтар Батыс Азияның дағдарысты жағдайына алаңдап отырғандықтан сапардың осы қыры да маңызды саналады.  

ИИР Президенті Жапония Премьер-министрінің аймақ мәселелеріне қатысты оптимистік көзқарасқа ие екенін айтып: «Иран Жапонияның «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасын қолдауды жалғастырып, бұл келісімнің аймақ пен әлем үшін маңыздылығын түсініп отырғанына риза»,‑дедіі.

Хасан Рухани, сондай‑ақ, Иран‑Жапония жоғары лауазымды делегацияларының ортақ отырысында барлық елдердің осы ядролық келісім мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарарына қатысты белгілі бір міндеттерге ие екенін айтып, Жапония да осы саладағы өз міндеттемелерін атқаратынына үміт білдірді.

Алайда бұл сапардың басты әрі маңызды қырын екі елдің өзара қарым‑қатынасы деп айтуға болады. Өйткені Жапония Премьер-министрінің 41 жылдан кейінгі алғашқы сапары жоғары деңгейдегі тарихи оқиға саналады. Синдзо Абэ сапары шын мәнінде екі ел қарым‑қатынасы тарихында Жапония Премьер-министрінің Иранға жасаған екінші сапары болып отыр.

Иранның қазіргі заман тарихын зерттеу және жазу кеңсесінің басшысы және саяси сарапшы Салими Наминнің сенімінше, жапондықтардың да Қытай мен Үндістан сынды әлемнің басқа экономикалық алпауыттарындай дүние жүзіндегі бірполюстік жүйені жою қажеттігіне көздері жетті. Сондықтан бұл ел Иран сияқты алпауыт елдермен қарым‑қатынасын арттыруға талпынып жатыр.

Жапония өзінің сыртқы саясатында халықаралық қарым‑қатынас принциптеріне берік екенін көрсетті. Сол себепті Абэден АҚШ‑тың атом бомбаларын тастап, жапон халқына қарсы қылмыс жасағанын көрген елдің Премьер-министрі ретінде аймақ пен әлемнің шынайы сын‑қатерлері жөнінде реалистік түсінікке ие болып, АҚШ пен Израильдің саяси жетекшілігіне мойынсұнбай, аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігі жолында талпыныстар жасайды деп күтіледі.

Бұл саладағы сәттіліктің қажетті шарты – мына шындықты қабылдау: аймақтағы текетірестің негізгі себебі – АҚШ‑тың Иранға қарсы жүргізіп отырған экономикалық соғысы. Бұл соғыс тоқтатылмайынша, аймақта қайшылықтар жалғасып, тіпті ушыға түсетіні анық.

Осы тұрғыдан Жапония Премьер-министрінің Теһранға сапарының мақсаттарын бір жағынан Иранмен қарым‑қатынасты кеңейту, ал екінші жағынан Теһран мен Токионың аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қатысты көзқарастарын жақындастыру деп айтуға болады.