Помпео Сауд Арабиясының аймақта Иранмен күресуде маңызды рөл ойнайтынын қуаттады
Трамп билігі кезіндегі АҚШ Парсы шығанағы мен оның оңтүстігіндегі елдер, әсіресе Сауд Арабиясына ерекше назар аударып, Сауд режимімен бұрын-соңды болмаған қару-жарақ келісімдеріне қол қойды. Вашингтонның бұл жөніндегі сылтауы АҚШ-тың мүдделерін қолдау және Иранмен күресу болып отыр.
Осыған орай АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео жұма күні, 26 шілдеде АҚШ-тың Өкілдер палатасының төрайымы Нэнси Пелосидің Сауд Арабиясына қару-жарақ сатуға қарсылығы туралы сөздеріне реакциясында: "Трамп ашық айтты: ИИР – бір шынайы қауіп, ал саудиялықтар – Иранды кері шегіндіруге көмектесетін біздің серіктесіміз. Біз олармен (саудиялықтармен) серіктесу үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз",-деді.
Осылайша Трамп үкіметі Сауд режиміне түрлі қару-жарақтар сатуды жалғастыруды түсіндіруге тырысып жатыр. Ал бұл қарулардың көбі саудиялық коалицияның Йемендегі антигуманистік соғысында қорғансыз халыққа қарсы қолданылуда. Трамп Конгрестің Сауд Арабиясы мен БАӘ-ге қару-жарақ сатуға қарсылығы туралы қаулысына вето жариялау арқылы бұл елдердің Вашингтонның Батыс Азия аймағындағы саясаттарындағы рөлін растап, мұнымен қоса, Конгрестің өкілдеріне, әсіресе демократтарға қару-жарақ сату сияқты ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты шешім қабылдаудың тікелей Президенттің құзіретінде екенін және Конгрестің бұған араласпауы керектігін еске салды.
Трамп үш күн бұрын АҚШ Конгресінің Сауд Арабиясы мен БАӘ-ге төтенше қару-жарақ сатуының алдын алуын талап еткен үш қарарына вето жариялап, осы ел Сенатына жолдауында өз шешімін түсіндіре келіп, Сауд Арабиясын "Иранның бүлдіргі әрекеттеріне қарсы бөгет" деп сипаттады. Сыртқы саясатты коммерцияландыру бағытын ұстанып, саудиялықтармен қарым-қатынастан экономикалық мүдделерге қол жеткізуді көздейтін АҚШ Президенті үш себептен Сауд режиміне қару-жарақ сатуды жалғастыру керектігін айтты. Трамп: "Бірінші себеп әрі бәрінен маңыздысы: біздің басты міндетіміз - Сауд Арабиясында тұратын АҚШ-тың 80 мыңнан аса азаматының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Йемендегі хусилердің (Ансаролла қозғалысы) шабуылдары оларға қауіп төндіріп отыр. Екіншіден, бұл ортақ қарар Сауд Арабиясының әскери дайындығы мен олардың өз егемендігін қорғауға деген қабілетін төмендетеді, бұл елдегі АҚШ әскери қызметкерлерін қорғау қабілетіне кері әсерін тигізеді. Үшіншіден, Сауд Арабиясы – Иран мен оның аймақтағы одақтастарының бүлдіргі әрекеттеріне қарсы бөгет",-деп жазды.
Трамп үкіметінің саясаты әрдайым Сауд режимін қолдауға бағытталып келеді. Сауд Арабиясы Вашингтон үшін аймақтағы стратегиялық әрі экономикалық серіктес және АҚШ қаруын сатып алатын ең ірі ел болып саналады. Сол себепті Трамп үкіметі Сауд Арабиясымен қатынас деңгейін төмендетуге мүдделі емес. Мұнымен қоса, АҚШ Иранға қарсы барынша қысым жасау саясаты аясында Теһранға қарсы өз санкцияларын бұрын-соңды болмаған деңгейде арттырып қана қойған жоқ, Ираннан төнген қауіппен күресу сылтауымен Парсы шығанағы мен оның айналасындағы суларда әскерилерін арттыру арқылы іс жүзінде аймақта тұрақсыздық пен бейберекеттіктің артуына жағдай жасап отыр. Қазір Трамп үкіметі саудиялықтарды Парсы шығанағындағы текетіреске тартуға талпынып жатыр. Ал бұл жағдайда Теһран Иран мен Парсы шығанағының оңтүстігіндегі елдер, әсіресе Сауд Арабиясы арасында қайшылықтар жойылуы қажеттігін сан рет мәлімдеді.