Ирандық танкердің босатылуы Ұлыбританияның жеңіліп, АҚШ абыройының төгілгенін білдіреді
Иранның әсерлі дипломатиясының арқасында және Гибралтар аймағы жоғары сотының шешімімен ақырында "Grace-1" ирандық танкері тұтқыннан босатылып, өзінің халықаралық теңіздегі бағытына қайта оралды.
Гибралтар аймағының жоғары соты бейсенбі күні АҚШ үкіметінің ирандық танкерді тұтқындауды жалғастыру және тіпті оны тәркілеп, АҚШ-қа беру туралы өтінішіне керісінше танкерді босатуға үкім шығарды.
Гибралтар аймағы жоғары сотының бұл шарасы Ұлыбританияның тарихына тағы бір жеңілісті тіркеді және мұнымен бір мезгілде АҚШ үкіметін абыройдан айырды. Өйткені АҚШ-тың осы сотқа берген өтініші ақпарат құралдарында таралғаннан кейін іс жүзінде қоғамдық пікір алдында Дональд Трамптың беделі түсті.
Ұлыбритания үкіметінің танкерді босату үшін қойған шарттарына Иран қарсылық білдіргеннен кейін Grace-1 танкерінің босатылуы ИИР-ның дипломатия саласы мен әрекет алаңында тағы бір жеңіске жеткенін көрсетті.
Мұнымен қоса, АҚШ-тың тәркілеу туралы өтінішіне қарамастан Гибралтар аймағы жоғары сотының ирандық танкерді заңсыз тұтқындаудан босатуға шешім қабылдауы Ұлыбританияның бұрынғыдай АҚШ-қа сенбейтінін және ұдайы оның территориясында ойнауға әзір емес екенін көрсетті.
АҚШ Президенті Дональд Трамп бұл елдің Парсы шығанағындағы қайшылыққа араласпайтынын, Ұлыбритания осы шығанақтағы мүддесін өзі жалғыз қорғауы қажеттігін жариялаған кезде екі елдің арасында сенімсіздік бары байқалды.
Осындай жағдайда Ұлыбритания Парсы шығанағы аймағындағы қайшылықтың жалғаса түскенін қаламайды, өйткені бұл ел қазір Brexit дағдарысына ұшырап отыр. Иранның мықты дипломатиясы мен әрекет майданындағы сәттілігі бір жағынан және Ұлыбританияның Brexit-ке қатысты Еуроодақпен қайшылығы екінші жағынан іс жүзінде Лондонды ирандық танкерді босату жолында қадам жасауға мәжбүрледі.
Ұлыбритания арнайы күштерінің ирандық танкерді тұтқындаудағы заңсыз шарасы Лондонды мақсаттарына жеткізе алмағаны сияқты Иранның Ормуз бұғазында британдық танкерді заңды түрде тұтқындауы Батыс елдеріне, әсіресе Ұлыбритания мен АҚШ-қа мынадай жолдау жеткізді: Иран заңсыздықпен қатынаста өзін байсалды ұстап, мұндай жағдайда бар күш-қуатпен әрекет етеді және ешкіммен саудаласпайды.
Иран Сыртқы істер министрі Ұлыбританияның ирандық танкерді заңсыз тұтқындағанын бірнеше рет айтты. Мұхаммад Джавад Зариф бейсенбі күні Twitter-дегі жеке парақшасында Ұлыбритания СІМ-нің Еуроодақтың санкцияларын қолдайтыны туралы мәлімдемесіне тоқталып: "Ештеңе өзгерген жоқ. Grace-1 танкерінің тұтқындалуы жүз пайыз заңсыз болды",-деп жазды.
Ұлыбритания үкіметі Grace-1 танкерінің Сирияға бара жатқанын және бұл Еуроодақтың Сирияға қарсы санкцияларын бұзатынын айтқан болатын.
Біріншіден, Еуроодақтың Сирияға қарсы санкциялары Иран үшін маңызды дәлел емес, екіншіден, алғашқы күннен бастап ирандық танкердің мақсатының Сирия емес екені жарияланды.
Иран Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін сақтауда негізгі әрі шешуші рөл ойнайтын ел ретінде заңның нақты сақталып, орындалуын Ұлыбританияның саяси ойынының құрбаны етпейді. Гибралтар аймағы жоғары сотының Grace-1 танкерін босатуға үкім шығаруы танкерлер оқиғасында Ұлыбританияның Ираннан жеңілгенін көрсетті.