АҚШ Қытаймен сауда келіссөздерді түбегейлі қарастыру қажеттігін қуаттады
АҚШ Президенті Дональд Трамп өз ойынша елдің экономикасын нығайтуға себеп болатын экономикалық протекционизм саясаты аясында осы елдің сауда серіктестерімен, әсіресе Қытаймен саудада тарифтік шаралар қолданды. Бұл өз кезегінде әлемдегі екі экономикалық алпауыт арасында үлкен сауда соғысының туындауына алып келді.
Бұған қарамастан экономикалық тоқырау перспективасы Вашингтон ұстанымының әлсіреуіне себеп болды. Олар енді Қытаймен сауда келіссөздерді түбегейлі қарастыру қажеттігі жайлы айтып отыр. Осыған орай АҚШ-тың Ұлттық экономикалық кеңесінің жетекшісі Ларри Кодло АҚШ-Қытай сауда соғысының теріс салдарларына тоқталып: "Қытаймен сауда диалогын түбегейлі қайта қарастыруды көздеп отырмыз. Бейжіңмен жаңа келісімдерге келетінімізге үміттенемін",-деді.
Ол АҚШ Қаржы министрі Стивен Мнучиннің Қытайдың экономикалық басшыларымен оңды диалогына тоқталып: "Егер Қытайдың экономикалық делегациясы алдағы апталарда осы келіссөздерге қосылса, маңызды ілгерілеушіліктерге қол жеткізіледі",-деді.
Биржадағы соңғы экономикалық өзгерістер мен АҚШ-та қайта экономикалық тоқырау болу ықтималы және Қытайдың Трамп ашқан тарифтік соғысқа қарсы шаралар қолдануы АҚШ-тың ұстанымын өзгертіп, Қытаймен қайта сауда келіссөздерін жүргізуге әзірлігін жариялауға себеп болған маңызды факторлардың қатарына жатады.
Трамп Қытаймен сауда соғысында басымдық өз жағында деп ойлап, Қытай тауарлары мен өнімдеріне жаңа тарифтер салу арқылы Бейжіңді тізе бүктірмекші болды. Бірақ АҚШ-тың жанжалды Президентінің есебі дұрыс болмай шықты, оның қатаң сауда саясаты тиісті нәтиже бермеді. Шын мәнінде тұтынушылар, Қытайдан бөлшек алып, тауар жасайтындар мен америкалық егіншілер Вашингтон-Бейжің сауда текетіресінен ең көп зардап шекті. Трамп 2019 жылдың 1 тамызында: "1 қыркүйектен бастап 300 млрд долларды құрайтын Қытай тауарлары мен өнімдеріне 10 пайыздық тариф салынады",-деп мәлімдеді. Бұған қарсы Қытай көпқырлы шара бастады. Тіпті юаньнің долларға шаққандағы бағамын түсірді. Доллардың қытай валютасына шаққандағы бағамы 2008 жылдан бергі ең биік межеге жетті. Сонымен қатар Бейжің АҚШ-тан ауылшаруашылық өнімдерін сатып алуды тоқтататынын жариялады.
Бұған қарамастан, маңыздырақ өзгеріс, яғни АҚШ-та экономикалық тоқырау болу ықтималы Трамптың кері шегініп, Қытайдан импортталатын 300 млн долларлық тауарларға жаңа тариф салуды тоқтатуына себеп болды.
Wall Street-тегі және Еуропадағы кейбір биржа көрсеткіштерінің төмендеуі және қысқа мерзімді қымбат қағаздар пайдасының ұзақ мерзімді қымбат қағаздармен салыстырғанда азаюын ескере отырып, АҚШ экономикасы тоқырауға ұшырайтын болса, Трамп 2020 жылда өтетін президенттік сайлауда жеңіліске ұшырауы мүмкін деп болжануда. Сол себепті Трамп пен оның кеңесшілері экономикалық тоқырауды болдырмаудың жолдарын іздестіріп жатыр. Шын мәнінде Трамп сайлау күні экономиканың нашар жағдайы оған кері әсерін тигізіп, наразы дауыс берушілер оның демократ бәсекелесіне дауыс береді деп алаңдап отыр.