Трамп америкалық компанияларға Қытайдан шығуға бұйрық берді
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының жаңа кезеңі басталысымен АҚШ Президенті Дональд Трамп Қытайға қарсы бұрын соңды болмаған шаралар жасауға бұйрық берді. Мұның әлем экономикасы үшін ауыр салдарлары болуы мүмкін.
Дональд Трамп жұма күні, 23 тамызда Twitter‑дегі жеке парақшасында америкалық компанияларға Қытайдан шығып, АҚШ‑қа қайтуға бұйрық берді. Трамп: «Барлық америкалық компаниялар тез арада Қытайдың орнын алмастыратын елді іздестіре бастауға міндетті. Олар Қытайдан шығып, АҚШ‑та орналасып, өз өнімдерін осы елде өндірулері керек»,‑деді.
Қытай жұма күні АҚШ‑тан импортталатын құны 75 млрд долларды құрайтын тауарларға 5-10 пайыз тариф салған соң Трамп осындай бұйрық берді. Бұл тарифтер тәртіп бойынша 1 және 15 желтоқстанда күшіне енеді.
Трамп тек бұл бұйрықпен шектеліп қалған жоқ, қытай тауарлары мен өнімдеріне тарифтерді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеруге жаңа қадам жасады. АҚШ Президенті жұма күні кешке: "Қытайдың қарымта шаларына жауап ретінде АҚШ 1 қазаннан бастап 250 млрд долларлық қытай тауарларына салынатын 25 пайыз тарифті 30 пайызға көтереді",-деп мәлімдеді. АҚШ Президенті, сондай-ақ: "1 желтоқсаннан бастап 300 млрд долларлық қытай тауарларына салынатын 10 пайыз тариф 15 пайызға көтеріледі",-деп еске салды. Осылайша Трамп Қытайдың шарасына екі есе артық жауап бердім, қытайлықтарды әрекетсіздік жағдайына түсірдім деп ойлайды. Алайда қазірден бастап Трамптың бұл шешіміне ашық түрде қарсылық білдіріле бастады. Осыған орай, АҚШ-тың сауда палатасы мәлімдеме таратып, Дональд Трамптың америкалық компаниялардан Қытайдың орнын алмастыратын жер табу туралы өтінішін қабылдамай: "Сындарлы әріптестікті жалғастыру – қазіргі жағдайдағы ең жақсы жол",-деді.
Трамп осы елдің бұрынғы Президенттері, әсіресе Обама кезіндегі сауда саясаттарын АҚШ экономикасына толығымен зиянды болды деп санайды, сол себепті протекционистік саясат аясында Вашингтонның ең ірі сауда серіктестерінің бірі саналатын Қытайдың тауарларына кедендік тарифтер салу арқылы 2018 жылдың маусым айында осы елмен сауда соғысын бастады. Трамп ұдайы еркін сауданы АҚШ экономикасындағы бейберекеттіктің басты факторы деп атап, бұған тосқауыл қоятынын ескертті. Алайда протекционистік саясат қабылдап, еркін саудаға қарсылық білдіру әлемнің экономикасына зиянды әсерін тигізіп қана қоймайды, осындай саясат ұстанған елдердің экономикасының дамуына теріс әсер етеді. АҚШ пен Қытай арасындағы қазіргі сауда текетіресінің жалғасуы сауда соғысының бұрын-соңды болмаған көлемде таралуына себеп болады. Бұл мәселенің әлем экономикасына апатты салдарлары болуы мүмкін.