Джонсон Ұлыбритания Парламентінде тағы да сәтсіздікке ұшырады
(last modified Sat, 07 Sep 2019 00:04:38 GMT )
Қыр 07, 2019 06:04 Asia/Almaty
  • Джонсон Ұлыбритания Парламентінде тағы да сәтсіздікке ұшырады

Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу мәселесі (brexit) қазір осы елдің ішкі-сыртқы саясатының ең маңызды тақырыбына айналды. Brexit қазір таңда бір саяси мәселеден ауқымдырақ сипатқа ие болып, Ұлыбританияның саяси жүйесі мен оның болмысына қатысты сынаққа айналды.

Ұлыбританияның консерватор Премьер-министрі Борис Джонсон мен Қауымдар палатасының brexit туралы бұрын‑соңды болмаған  текетіресін назарға алсақ, бұл жағдай Ұлыбританияның болашағын қалыптастыруда аса зор маңыздылыққа ие. 3 қыркүйекте Ұлыбритания Қауымдар палатасының өкілдері 328 оң және 301 теріс дауыспен келісімсіз brexit-ке тыйым салу туралы шешім қабылдады, бұл Джонсонның ашық түрде сәтсіздікке ұшырағанын көрсетеді. 4 қыркүйекте де екі дауыс беру барысында Джонсонның Парламенттегі жеңілістері жалғаса түсті. Консерваторлар партиясы өкілдерінің айтарлықтай бөлігінің оппозициялық партиялар өкілдерімен бірге Джонсонның brexit-ке қатысты қатынасына қарсылық білдіріп, дауыс беруі бұл мәселенің маңыздылығын арттыра түсті.

Қауымдар палатасының өкілдері сәрсенбі күні кешке Борис Джонсонның кезектен тыс сайлау өткізу туралы өтінішіне қатысты дауыс берді, бірақ бұл жоба жеткілікті дауыс жинай алмады.  Бұл жоба бекітілу үшін Қауымдар палатасы өкілдерінің үштен екісінің дауысын жинауы тиіс еді. 298 өкіл оң, 56 адам теріс дауыс берсе, 650 өкіл дауыс беруге қатыспады. Қауымдар палатасы келісімсіз Еуроодақтан шығуға тыйым салу жобасын бекіткеннен кейін Джонсон кезектен тыс сайлау өткізуді дауысқа салуды сұрады.

Консерватор үкіметке қарсы басты оппозициялық партиясы саналатын Жұмысшылар партиясы келісімсіз brexit-тің алдын алу туралы заң күшіне енгенге дейін мерзімінен бұрын сайлау өткізуге қарсылығын жариялады. Осы тұрғыдан Ұлыбританияның Қауымдар палатасының өкілдері екінші кезекте бұл елдің келісімсіз brexit-тен шығуына тыйым салу жобасына 327 оң, 299 теріс дауыс берді. Бұл қаулы толық бекітілу үшін Лордтар палатасына жіберілді. Лордтар палатасында бекітілген жағдайда Джонсон егер Еуроодақпен бір келісімге келмесе, Брюссель басшыларына brexit-тің мұрсатын 3 айға ұзартуды сұрауға мәжбүр болады.  

Джонсонның Ұлыбритания Парламентінде үсті-үстіне жеңіліс табуы оның саяси беделін қатты түсіріп, АҚШ Президенті Дональд Трамптың алаңдаушылығын тудырды. Трамп Ақ үйде тілшілерге берген сұхбатында Ұлыбритания Премьер-министрі туралы: «Ол менің досым. Қолынан келгенін істеп жатыр. Бұған күмәндарыңыз болмасын. Борис қалай жеңіске жетуді біледі. Ол үшін алаңдамаңыздар»,-деді. Трамптың Джонсонның саяси жағдайына реакциясын Лондондағы жаңа адал одақтастан айырылып қалудан алаңдауынан туындаған реакция деп санауға болады. Трамп Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Тереза Мэйді Еуроодақпен бітімге келуге ұмтылады деп айыптаған болатын. Ал енді Джонсон brexit саласында Еуроодаққа ұпай берместен сәттілікке жетеді деп сеніп отыр.