«Ортақ қадам» бағдарламасына қатысты Иранның төртінші қадамы жүзеге аса ма?
(last modified Fri, 25 Oct 2019 10:08:48 GMT )
Қаз 25, 2019 16:08 Asia/Almaty
  • «Ортақ қадам» бағдарламасына қатысты Иранның төртінші қадамы жүзеге аса ма?

Иран Сыртқы істер министрінің саяси істер жөніндегі орынбасары Иранның үшінші қадамының 60 күндік мұрсаты аяқталуы қарсаңында еуропалықтарға «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасында Иранның мүдделері қамтамасыз етілмесе, төртінші қадам жасалатынын ескертті.

Сейіт Аббас Арақчи бейсенбі күні Мәскеуде Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябковпен кездесуде Еуропаның «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасындағы міндеттемелерін орындауда қауқарсыздық танытып отырғанын сынап: «Егер Иранның талап-тілектері орындалмаса, ИИР осы бағдарламадағы міндеттемелерін азайтуды жалғастырады»,-деп қуаттады.

Иран АҚШ-тың «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан шыққанына бір жыл толуымен бір мезгілде және Еуропа Америкасыз Иранның мүдделерін қамтамасыз ете алмағаннан кейін әрбір екі айда осы бағдарламадағы міндеттемелерін азайтуға қадам жасады.

Иран «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының 26 және 36-шы тармақтары негізінде ядролық келісімдегі міндеттемелерін азайту шараларын бастап, осы күнге дейін үш қадам жасады.

Иранның үшінші қадамы 2019 жылдың 6 қыркүйегінде жасалды. Бұл аяда ядролық зерттеулер мен дамуға қойылған шектеулердің барлығы алынды. Үшінші қадамға берілген мұрсаттың соңғы күндері өтіп жатыр. 2019 жылдың 6 қарашасында Иранның төртінші қадамы басталады.  

ИИР-ның «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасындағы міндеттемелерін азайту саясаты көрсеткендей, Теһран өзінің ерік-жігерін орындауда ешқандай сенімсіздік сезінбейді. Егер алдағы бірнеше күнде осы бағдарламадағы басқа тараптар іс жүзінде шара қолданбаса, Иранның талқыланып, дайындалып жатқан төртінші қадамы жүзеге асырылады.

Осыған қатысты ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы сейіт Аббас Мусави өткен дүйсенбі күнгі тілшілермен апталық отырысында: «Төртінші қадам жобаланды, баптары қорытындыланып жатыр. Еуропа өз міндеттемелерін орындауға кірісіп, біз төртінші қадам жасауға бармаймыз деп үміттенеміз»,-деді.

Иран «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасындағы міндеттемелерін азайтуда өз ерік-жігерін көрсетумен бір мезгілде осы бағдарламаға қатысты қазіргі дағдарыстың шешілуі үшін дипломатияға да мұрсат берді. Бірақ осы күнге дейін еуропалықтардың АҚШ-тың ықпалынан шыға алмауына байланысты олардың ешбір міндеттемесі орындалған жоқ.

Еуропаның қазіргі қатынасы жалғаса беретін болса, дипломатиялық жол да «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының тығырықтан шығуына көмектесе алмайды. Мұндай жағдайда іс жүзінде еуропалықтардың АҚШ-тың Иранға қарсы саясаттарына жақтасып отырғаны айқындалады.

«Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын сақтап қалу еуропалықтардың шынайы талпыныс жасап, еркін әрекет етуімен байланысты. Олар АҚШ-тың ырқына көнбей, әлемдік дипломатияның нәтижесі болып табылатын келісімді сақтап қалуы тиіс.

Еуропалықтардың аталмыш бағдарламаға тек саяси қолдау көрсетуі қалыптасқан жағдайға көмектесе алмайды. Еуропа тарапының іс жүзіндегі шаралары ғана Иранды төртінші қадам жасамауға көндіреді. Кері жағдайда 12 күннен кейін ИИР Президенті Хасан Рухани осы қадамның егжей-тегжейін жариялайды.       

 

Тегтер