АҚШ Форду ядролық нысанына қарсы санкцияларын жүзеге асыруды бастады
АҚШ Президенті Иранның бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламасына қатаң қарсылардың бірі саналады. Трамп үкіметі 2018 жылдың 8 мамырында АҚШ-ты "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасынан шығарып, біртіндеп Иранға ядро саласында жасалған рұқсаттардың күшін жойды.
Осы орайда АҚШ Мемлекеттік департаменті 15 желтоқсаннан бастап Форду ядролық нысанына қатысты санкциялар туралы бұрынғы барлық рұқсаттардың күшінің аяқталғанын, Вашингтонның Ирандағы осы уран байыту нысанына қарсы санкцияларын қайта бастайтынын мәлімдеді. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 18 қарашада АҚШ-тың Иранның ядролық жұмыстарына қатысты санкциялардан босату жарлығын ұзартпайтынын, Вашингтонның Форду ядролық нысанына қатысты санкцияларының қайтарылатынын хабарлап, санкциялардың 15 желтоқсаннан бастап күшіне енетінін мәлімдеген болатын.
Форду сайтының қолданыс аясын тұрақты изотоптар өндіру үшін өзгерту "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы аясында жоспарланып, Ресей орындауын қабылдаған жобалардың бірі болды. "Росатом" компаниясы келісімнің осы бөлігін орындауда басты рөл атқаруды өз мойнына алды. Соған сәйкес, Фордуда орналасқан газ центрифугалары медицинаға қажет тұрақты изотоптар өндіру үшін өзгертілуі тиіс еді. Қазір бұл ресейлік компания да Вашингтонның санкциясына ұшырап отыр. Ресейдің "Росатом" мемлекеттік компаниясына тиесілі "Тул" компаниясы 5 желтоқсанда мәлімдеме жасап, уран байыту мен тұрақты изотоптар өндіру бір жерде атқарыла алмайтындықтан, Форду ядролық нысанының қолданыс аясын өзгерту жобасын техникалық себептерге байланысты уақытша тоқтатқанын хабарлады. Иран Атом қуаты ұйымының ақпарат хатшысы Беһруз Камалванди 9 желтоқсанда АҚШ-тың санкциядан босату жарлығының күшін жоюының осы жобаға теріс әсері мен ресейліктердің әріптестікті үзуі туралы: "Біз тіпті ресейліктерсіз-ақ техникалық тұрғыдан тұрақты изотоптар өндіру саласында жұмыстарды жалғастыра аламыз",-деді.
Трамп үкіметі 2018 жылдың мамыр айында "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасынан шыққанымен Иран мен топтың басқа мүшелері арасындағы ядролық әріптестікті санкциялардан босатқан болатын. Трамп үкіметінің бұл шарасы жақсылық тілегеннен емес, мәжбүр болғандықтан атқарылды. Өйткені Иранмен бейбіт ядролық ынтымақтастық – "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасының баптарының бірі. АҚШ-тың мақсаты Иранның уран байытуды шектеулі деңгейде сақтап, межеден асырмайтынына көз жеткізу болды. Бұған қарамастан Вашингтон бірнеше ай бұрын санкциялардан босату жарлығының кейбіреуінің, соның ішінде Ираннан ауыр су мен төмен байытылған уран сатып алуға салынған санкциядан босатудың күшін жойды. Теһран бұл шараға реакциясында бұдан былай "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасында осы екі өнімге қойылған межелерді ұстанбайтынын мәлімдеді.