Тайван АҚШ-тан ұшқышсыз ұшақ сатып алу туралы келіссөз жүргізуде
Бейжің мен Вашингтон арасында текетірес ушығып тұрған шақта Тайван басшылары АҚШ-тан 4 дамыған ұшқышсыз ұшақ сатып алу туралы келіссөз жүргізіп жатыр.
Reuters ақпарат агентігінің жұма күні хабарлауынша, қазіргі таңда Тайванның ұшқышсыз ұшақтары тек 160 миль ұзақтыққа ие, ал АҚШ-тың «Си Гардиан» тыңшылық ұшқышсыз ұшағының ұшу ұзақтығы 6000 теңіз милін құрайды.
Осы мәлімет бойынша, Тайванға ұшқышсыз ұшақ сатуды АҚШ Конгресі бекітуі тиіс, алайда бұл орган аталмыш келісімді қабылдамауы мүмкін.
Осы жағдайда Қытайдың Қорғаныс министрі Вэй Фэнхэ бейсенбі күні кешке өзінің америкалық әріптесі Марк Эспермен телефон арқылы сұхбаттасып: «АҚШ өзінің қате сөздері мен әрекетін доғаруы тиіс. Текетірестің ушығып кетуіне әкеліп соқтыруы мүмкін қатерлі әрекеттерден бас тартуы керек»,-деп баса айтты.
Бейжіңнің кесімді қарсылығына қарамастан, Эспер АҚШ-тың Тайванға қару-жарақ сатуды жалғастыра беретінін айтты.
Қытай үкіметі АҚШ-қа Тайванға қару-жарақ сатуына қатысты сан рет ескерту жасап, ешбір елдің, соның ішінде АҚШ-тың мұндай ісіне төзбейтінін айтып, оны біртұтас Қытай принципіне қайшы деп мәлімдеді.
Қытай Тайванды өз территориясының ажырағысыз бөлігі санайды.
АҚШ Тайванмен ресми қарым-қатынасын 1979 жылы Қытайдың мүддесіне бола үзді, алайда Дональд Трамп үкіметі Тайванмен байланысты қайта арттырып жатыр.