Үндістан Қорғаныс министрінің Теһранға сапары
(last modified Sun, 06 Sep 2020 11:24:27 GMT )
Қыр 06, 2020 17:24 Asia/Almaty
  • Үндістан Қорғаныс министрінің Теһранға сапары

Әскери-қорғаныс саласында әріптестікті нығайту – саяси-экономикалық және мәдени байланыстармен бірге екіжақты және көпжақты мүдделерді қамтамасыз ете алатын және аймақтық ықпалдастықты тереңдете алатын стратегия.

Иран мен басқа да дос елдердің жоғары лауазымды әскери басшыларының аймаққа сапарлары мен кеңестері де осы тұрғыдан маңызды.

Осы орайда Үндістан Қорғаныс министрі Раджнатх Сингх 5 қыркүйекте Теһранда Иранның Қорғаныс министрі генерал-майор Амир Хатамимен кездесіп, екіжақты, аймақтық және халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасты.  

Әскери-қорғаныс сласында әріптестікті дамыту, лаңкестік және есірткі контрабандасымен күресу, ортақ қауіп-қатерлерге төтеп беру және бірлескен әскери жаттығулар өткізу осы сапарларда көзделетін мақсаттардың қатарына жатады.

Қорғаныс саласында әріптестіктерді дамыту – Иранның аймақта бейбітшілік пен қауіпсіздік  орнатуға бағытталған әскери доктринасының мақсаттарының бірі. Осы орайда ИИР Оман теңізі мен Үнді мұхитында бірлескен әскери жаттығулар өткізді.  Үнді мұхиты жағалауындағы елдердің бірлескен әскери көмек жаттығуы және Иран, Ресей мен Қытайдың ортақ теңіз жаттығуы осындай шаралардың қатарына жатады.

Иран тарапынан ғылым-білім саласында әскери әріптестікті дамыту, лаңкестік және теңіз қарақшылығымен күреске қатысты тәжірибе мен мағлұмат алмасу, аймақ суларында құтқару амалдарын атқару мақсатында Үндістанның әскери басшылығына бірқатар ұсыныстар жасалды. Үнді тарапы оларды оң қабылдады.

Мұндай ынтымақтастық деңгейін аймақтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын арттыру жолында бір немесе бірнеше тараптың қарым-қатынасын дамыту саласындағы бастама деп атауға болады. Осы тұрғыдан Үндістан Қорғаныс министрінің Теһранға сапары геостратегиялық, геосаяси және геоэкономикалық тұрғыдан аса маңызды.  Иран мен Үндістан қарым-қатынасының тұғыры энергетика, сауда-саттық мен тауар транзиті салаларында екіжақты және көпжақты әріптестікке негізделген.

Иран мен Үндістан, сондай-ақ, Ауғанстанмен бірге Чабаһар айлағын пайдалану үшін үшжақты келісімге қол қойды. Қарым-қатынастың бұл деңгейі Үндістанның Иранмен әріптестігінің Орта Азия елдерінің Парсы шығанағы маңындағы елдер және Кавказ аймағындағы елдермен байланыс көпірі ретінде стратегиялық маңыздылыққа ие екенін көрсетеді. Басқа сөзбен айтқанда, Теһран мен Деһли қарым-қатынасының көпқырлы маңыздылығы бар. Екі елдің қорғаныс әлеуетін ескере отырып, олар аймақтық деңгейде даму мен интеграциялану қабілетіне ие.  

Иран аймақтағы дос әрі тәуелсіз елдермен өзара әскери ынтымақтастық  мен қауіпсіздік қатынасын дамытуға мүдделі. Осы орайда Ормуз бұғазы мен Оман теңізінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін аймақтық әріптестікті дамытуға ұсыныс жасады.  

Осы айтылғандарды ескере отырып, Үндістан Қорғаныс министрінің Теһранға сапары және Иран Қорғаныс министрімен келіссөз жүргізуі екі ел ынтымақтастығы деңгейін жоғарылатуға ықпал ететін жаңа қадам болып табылады және екі елдің әскери-қауіпсіздік саласындағы ортақ мүдделері негізінде өзара қарым-қатынастың дамуына септігін тигізе алады.