Түркия Әзірбайжанға 300 сарбаз жіберді
(last modified Mon, 28 Sep 2020 14:31:20 GMT )
Қыр 28, 2020 20:31 Asia/Almaty

Әзірбайжан мен Армения шекарасында қақтығыстар күшейгеннен кейн Түркия өзі қолдайтын түрлі ағымдардан 300 наразыны Әзірбайжан республикасына жіберді.

Адам құқығын бақылау ұйымының мәліметі бойынша, Түркия басшылары бұл адамдарға Әзірбайжанның шекарасын Армениядан қорғаулары үшін айына 1500-2000 доллар көлемінде жалақы төлейтінін айтып, осы елге аттандырды.   

Тараптардың бірін соғысқа итермелеудің дұрыс іс емес екендігінде күмән жоқ. Қалай болғанда да, Түркия үкіметі Әзірбайжанды қақтығыстарды жалғастыруға ынталандыру арқылы аймақта тынышсыздық пен бейберекеттікті одан ары арттыра түседі. Сирия мен Ирактағы лаңкестік топтармен әріптестік жасаған содырларды Әзірбайжанға жіберу осы елдің Армениямен соғысындағы қиыншылықтарын одан ары ушықтырып жіберуі мүмкін.  

Анкара басшыларының көзқарасынша, Әзірбайжанға көмектесу үшін Оңтүстік Кавказ аймағына күш жіберудің Ирак, Сирия және тіпті Ливияға күш жіберуден айырмашылығы бар. Түркия басшылары Әзірбайжан мен Армения арасында соғыстың жалғасуын қолдаумен қоса, Армениямен соғысып,  армян содырларымен күресу үшін Түркия әскери күштерін жіберу туралы сан рет мәлімдеген болатын. Мысалы, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған бір сөзінде Арменияны соғысты бастаушы деп атап, Никол Пашинян үкіметіне тіл тигізіп: «Ішкі қайшылықтарын шеше алмаған ел осындай шабуылды бастау арқылы өз халқына құрметсіздік көрсетеді»,-деді.

Түркия Президенті: «Түркия Әзірбайжан республикасының территориясы мен құқығына қарсы кез келген шабуылға төтеп беруден жан аяп қалмайды. Қажет болса, Әзірбайжанға әскери көмегін арттырады»,-деп қуаттады.

Бұған қатысты Иранның Армениядағы бұрынғы елшісі әрі көрнекті саяси сарапшы Мұхаммед Фархад Колини: «Аймақ халықтарының мүдделері аясында Қарабақ бейбіт үдерісіне көмектескісі келетін күштің ісі сындарлы болмақ, алайда егер өз мүддесін ғана көздесе,  бұл талпыныс күдік тудырады»,-деді.  

Қорытындылай келе, Түркия басшылары Таулы Қарабақ қайшылығын шешуге атсалысып жатқандай көрінгісі келетінін, алайда іс жүзінде бұл дағдарысты шешуді аса қаламайтынын айтуымыз керек. Шын мәнінде Анкара басшылары Қарабақ қайшылығын пайдалану арқылы  Оңтүстік Кавказ аймағында өз ықпалын одан арттыруды қалайтынға ұқсайды.