Теһран Ауғанстандағы бейбітшілік үдерісі жалғасып, тұрақтылық орнауына қолдау білдірді
(last modified Mon, 19 Oct 2020 15:44:49 GMT )
Қаз 19, 2020 21:44 Asia/Almaty
  • Теһран Ауғанстандағы бейбітшілік үдерісі жалғасып, тұрақтылық орнауына қолдау білдірді

ИИР өзінің сыртқы саясатында әрдайым Ауғанстанда саяси тұрақтылық, бейбітшілік пен тыныштықтың орнауын қолдайтынын көрсетті. Бұл қатынас әлі де Иранның сыртқы саясатының басты басымдығы саналады. Басқа сөзбен айтқанда, бейбітшілігі мен тұрақтылығы сақталған, абадтандырылған әрі дамыған тәуелсіз Ауғанстан – Иранның әрдайымғы тілегі.

Иран Сыртқы істер министрі  Мұхаммад Джавад Зариф жексенбі күні  Теһранда  Ауғанстанның Ұлттық бітім жоғары кеңесінің басшысы Абдулла Абдулламен кездесіп, ИИР-ның ауғандар басқаратын бейбітшілік үдерісін және түрлі ауғанстандық топтар арасындағы диалогқа қатысушылар қол жеткізетін келісімдерді қолдайтынын тағы да мәлімдеді.

Абдулла Абдулла  жексенбі күні үшкүндік сапармен Теһранға келді. Сапар мақсаты – ИИР басшыларымен кездесіп, екіжақты қарым-қатынасты дамыту жолдарын талқылау. Иранға сапардан бұрын Абдулла Абдулла Пәкістан мен Үндістанға жұмыс сапарымен барды. Ауғанстандағы бейбітшілік үдерісіне қолдау ретінде аймақтық бірауыздылықты қалыптастыру – Абдулла Абдулланың аймақтық сапары мақсаттарының бірі.

Иранның аймақтағы, әсіресе Ауғанстанның сыртқы саясатындағы рөлі осы елдің Президенті мен басқа да жоғары лауазымды тұлғалары тарапынан әрдайым маңызды әрі әсерлі деп бағаланып келеді. Осы көзқарас бойынша, Ауғанстан басшылары Теһранның бейбітшілік үдерісіне атсалысуын ұдайы қолдап келеді.

Ауғанстанның Ұлттық бітім жоғары кеңесінің басшысы Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Мұхаммад Бағер Қалибафпен кездесуінде Иранның Ауғанстанға көрсеткен қолдауларына алғыс айтып: «Теһранның мақсаты – Ауғанстан ислам республикасы мен осы елдің Конституциясы аясында бейбітшілікті қолдау. Иран өткен 40 жылдың ішінде үнемі Ауғанстан халқының қасынан табылды»,-деді.

Иран мен Ауғанстан қарым-қатынасында екі жайтқа назар аудару керек.

Біріншіден, Иран мен Ауғанстан қарым-қатынасы ортақ шекарасы бар көрші болуына байланысты маңызды. Екі елдің көрші болуы Ауғанстандағы оң немесе теріс өзгерістердің Иранға әсер етуіне себеп болады.

Екіншіден, Иран өткен 40 жылда Ауғанстанға ешбір алғышартсыз қолдау көрсетіп, оң әрі сындарлы рөл ойнады.  ИИР Президенті Хасан Рухани осыдан біраз бұрын Ауғанстан Президенті Мұхаммад Ашраф Ғанимен телефон арқылы сұхбаттасып: «Ауғанстанда тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуды өзіміздің тұрақтылығымыз бен қауіпсіздігімізді нығайту деп білеміз. Түрлі топтардың қайшылықтары келіссөз арқылы шешілетініне сенімдіміз. Осы жолда әрдайым Ауғанстан үкіметі мен халқының жанынан табыламыз»,-деп қуаттады.

Көптеген себептерге байланысты Иран әрдайым Ауғанстандағы бейбітшілік үдерісін қолдап келді және осы кезеңде де барлық күш-қуатын ауғандық топтар арасында диалог өткізуге жұмсайтын болады.

Халықаралық мәселелер жөніндегі сарапшы Ноузар Шафиидің сенімінше, Иранның саясаты – Ауғанстанда бейбітшілік орнатып,  экономикалық дамуға септігін тигізетін талпыныстар жасау. Иранның Ауғанстанға көзқарасы дамыту сипатында. Бірнеше қырдан дамыту. Біріншісі – Ауғанстанда саяси тұрақтылық пен қауіпсіздік  орнатуға көмектесу, екіншісі – осы елдің экономикасының дамуына көмектесу.

Ауғанстанның бейбітшілігі мен тұрақты дамуы Иран мен аймақтың басқа да елдерінің мүддесіне сай келеді. Ауғанстан мықтырақ әрі тұрақтырақ болған сайын бұл елдің көршілермен қарым-қатынасы нығая түседі. Осы тұрғыдан Абдулла Абдулла мен ол бастаған жоғары мәртебелі делегацияның Теһранға сапары  екі ел басшыларының Ауғанстандағы бейбітшілік үдерісі туралы сұхбат аясында екіжақты қарым-қатынас пен басқа да тақырыптарды талқылауына жақсы мүмкіндік тудырды.