Жел 13, 2020 19:50 Asia/Almaty
  • Бейбітшілік, қауіпсіздік және стратегиялық әріптестік құжаты – Арақчидің Кабулдағы келіссөздерінің үш негізгі өзегі

Иран мен Ауғанстанның өзара стратегиялық құжатын дайындауға қатысты кеңесулерінің жалғасында Иран Сыртқы істер министрінің саяси істер жөніндегі орынбасары Арақчи Кабулға іссапармен барып, Ауғанстан басшыларымен осы салада сұхбаттасты.

Ұзақ мерзімді жан-жақты ынтымақтастық құжатын дайындау, Ауғанстан үкіметі мен Талибан арасындағы бейбіт келіссөздер барысы, Иран мен Ауғанстан арасында саяси және сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту Арақчидің Кабулдағы кеңестердің маңызды үш өзегі болды.   

Арақчи Iran Press ақпарат агентігіне берген сұхбатында жан-жақты стратегиялық құжаттың Иран мен Ауғанстанның ұзақ мерзімді қарым-қатынасының перспективасын көрсететінін және екі елдің байланысын нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтып, жексенбі күні осы құжатқа қатысты қорытынды шешімге келетініне үміт білдірді.

ИИР Ауғанстанның аумақтық тұтастығы мен егемендігінің берік сақталуын баса айтып, бұл елде бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздік  орнатуға көмектесетін шешім жолдарын қолдауға дайын екенін мәлімдеді.

Ауғанстан Ұлттық бітім жоғары кеңесінің басшысы Абдулла Абдулла  Теһранға сапарында Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Мұхаммед Бағер Қалибафпен кездесуінде Иранның қолдауларына алғыс айтып: «Теһранның мақсаты – Ауғанстан мен оның конституциясы аясындағы бейбітшілікті қолдау. Иран соңғы 40 жылда ұдайы Ауғанстан халқының жанынан табылып келеді»,-деген болатын.

ИИР-ның сенімінше, Ауғанстанда тұрақты бейбітшілік тек осы елдің барлық саяси топтарының қатысуымен орнайды. Алайда осы салада екі түйткіл бар.

Бірінші түйткіл – Ауғанстанда шетелдік күштердің болуы және ішкі іске араласуы. АҚШ-тың Ауғанстанды басып алғанына жиырма жылға жуық уақыт болды. Бұл жағдай басқыншылық пен әскери араласу арқылы аймақта бейбітшілік пен тыныштық орнату мүмкін еместігін көрсетті.

Ауғанстанда бейбітшілік орнатудың екінші түйткілі – ішкі қайшылық. Бітімге келу Ауғанстанда барлық ішкі топтардың бір-біріне сенімін оятатын сындарлы үдерісті қамтамасыз ететін шешім жолын қажет етеді.

Теһран Ауғанстандағы бейбіт келіссөздерді қолдап қана қоймайды, осы елге экономикалық және әлеуметтік көмек көрсетіп, Чабаһар стратегиялық айлағында жеңілдік беру арқылы халықаралық суларға және Үнді мұхитына қолжетімділігін қамтамасыз етуге жағдай жасады. Осы стратегиялық қатынастың жалғасында өткен бейсенбі күні Хаф-Герат теміржол желісі екі ел Президентінің бейнеконференция арқылы қатысуымен ашылды. Экономикалық қиындықтарды азайтуға көмектесу Ауғанстанда бейбітшілік орнату жолында маңызды қадам бола алады. Тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін барлық әлеуеттерді пайдалану керек. Иран Сыртқы істер министрі орынбасарының Кабулдағы кеңестерін осы тұрғыдан бағалауға болады. 

Тегтер