Иран АҚШ-қа қандай да бір әскери авантюра туралы ескерту жасады
(last modified Fri, 25 Dec 2020 14:21:16 GMT )
Жел 25, 2020 20:21 Asia/Almaty
  • Иран АҚШ-қа қандай да бір әскери авантюра туралы ескерту жасады

АҚШ Президенті Дональд Трамптың Теһранды осы елдің Бағдадтағы елшілігіне жасалған соңғы зымырандық шабуылдарға қатысы бар деп айыптай сөйлеген сөздері Иранның қатаң реакциясына ұшырады.

Иран Сыртқы істер министрі  Мұхаммад Джавад Зариф Трамптың Твиттердегі жеке парақшасында Иранды Ирактағы АҚШ елшілігіне зымыран атуға қатысы бар деп айыптауына жауап беріп: «АҚШ азаматтарын шет жерде қатерге тігу жұрт назарын ел ішіндегі апатты жағдайдан алдарқата алмайды»,-деп жазды.

ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы Саид Хатибзаде Трамптың уәждеріне реакциясында: «Мұндай қайталамалы айыптаулар Трамптың басына түскен қиын жағдайдан алдарқату үшін айтылып отыр»,-деді.

Дональд Трамп сәрсенбі күні Твиттердегі жеке парақшасында ешқандай дәйек-дерек келтірместен, жарылмаған бірнеше миномет снарядының суретін жариялап, Иранды жексенбі күні Бағдадтағы АҚШ елшілігіне жасалған зымырандық шабуылға қатысы бар деп айыптады. Трамп: «Бір америкалық өлтірілетін болса, мен Иранды жауапты санайтын боламын»,-деп қоқан-лоққы жасады.  

АҚШ-тағы президенттік сайлауда жеңіліс тауып, күн сайын жақтастарынан айырылып, көптеген елдерден, соның ішінде Еуропа елдері басшыларынан қолдау таппаған Трамп қоғамдық пікір пен жұрт назарын өзіне аудару үшін Иранға әскери қоқан-лоққы жасауға кірісті. Шын мәнінде ол президенттік сайлаудағы жеңілістің орнын толтыру және үкіметінің соңғы күндерінде өзін айбынды етіп көрсетуге жол тапқысы келіп, Иранға қоқан-лоққы жасаса, мақсатына жетемін деп ойлап отыр.     

Шындық мынада: Ирактың джиһадтық топтары осы ел Парламентінің қаулысын ескеріп, 2020 жылы қаңтарда сардар Солеймани мен Абу Махди әл-Мухандеске қастандық жасалғаннан кейін америкалық күштердің тез арада Ирактан шығарылуын талап етіп отыр. Олардың бұл талабы және одан кейінгі шаралардың Иранға қатысы жоқ.  

Трамп үкіметінің Иранға қатысты соғысқұмар қатынасы АҚШ ішінде де көп сынға ұшырады. Америкалық саяси сарапшылар Кэтрин Вилбергер мен Дастин Уокердің айтуынша,  кез келген ықтималды арандатушылыққа жауап ретінде АҚШ күштерін Батыс Азияға жіберу Иранның алдын алуға әсерлі әрі тұрақты шешім жолы емес. Бұл қатынасты жалғастыру қаражатты желге шашумен бірдей, әскери дайындықты зая кетіреді және АҚШ-ты Қытай мен Ресеймен бәсекелесіп, оларды тежеуге дайын күштен мақрұм қалдырады.