Қытайда коронавируспен ластанған балмұздақтың үш түрі анықталды
Қытайдың солтүстік-шығысында Бейжіңге жақын жерде орналасқан Тяньцзинь қаласында коронавируспен ластанған балмұздақтың үш түрі анықталды.
Синьхуа агенттігінің сенбі күні хабарлауынша, бұл балмұздақтардың шикізаттары Жаңа Зеландия мен Украинадан импортталады. Ластанған балмұздақтар Tianjin Daqiaodao азық-түлік компаниясында өндірілген. Бастапқы эпидемиологиялық зерттеулер көрсеткендей, бұл компания Жаңа Зеландиядан импортталатын сүт ұнтағы және Украинадан импортталатын сарысу ұнтағы сияқты шикізаттарды қолданып балмұздақ өндіреді.
Қытай басшылары сатылған балмұздақтарды іздестіріп жатыр. Бірнеше күннен бері бұл елде коронавирус қайта тарала бастады. Жалпы өткен 24 сағатта індетке шалдыққан 130 адам тіркелді.