Қаң 21, 2021 23:11 Asia/Almaty
  • Байденнің президенттік кезеңі дағдарыс жағдайында басталды

Джо Байден даулы сайлаудан кейін ақыр соңында АҚШ-тың 46-шы Президенті ретінде ант қабылдады.

АҚШ-тың жаңа Президенті өз қызметінің алғашқы сөзінде екі маңызды тақырып – АҚШ демократиясы мен америкалықтар арасындағы ұлттық бірлікке тоқталды. Байден сайлау нәтижесін АҚШ-та демократияның жеңіске жетуі деп атап, барша халық пен саяси топтарды өзара қайшылықты доғаруға шақырды.  

Бұған қарамастан, соңғы бірнеше айдағы оқиғалар көрсеткендей, АҚШ-та пайда болған ұлттық алшақтық пен әлсіреген демократия бір президенттің сөзі мен Ақ үй тарапынан жасалған мәлімдемемен жойыла салатындай емес, әлдеқайда күштірек әрі тереңірек. Әрине бұрынғы Президент Трамп пен оның ең жақын серіктерінен басқа АҚШ-тың жоғары лауазымды саясаткерлері мен мемлекеттің аға қайраткерлерінен жаңа Президенттің инаугурациясы күні ұлттық бірлікті сақтап, америкалық демократияның әлсіреген негіздерін нығайту қажеттігін қуаттау күтілген еді.

Алайда сәрсенбі күні АҚШ астанасының екі жерінде, яғни Ақ үйде Трамптың биліктен кетер кезінде және Конгресте Байден билікке келген кезде байқалған сахналар елде алшақтық пен қайшылықтың қаншалықты деңгейде екенін көрсетті.

Соңғы айларда америкалық демократия мен оны қорғаушы органдардың тиімділігіне күдік-күмән көбейді. Трамптың 2020 жылы қараша айында өткен сайлауда ауқымды заңбұзушылықтардың болғаны туралы қайталамалы уәждерінен бөлек, ақша мен байлықтың  АҚШ-тағыі сайлау үдерісіне үстемдік етуі елдегі демократияны әлсірететін көріністердің бірі ретінде танылды. Трамптың уәждері АҚШ-тың сайлау жүйесінің саулығына қатты күмән тудырды.  

Басқа жағынан АҚШ-тағы саяси-әлеуметтік алшақтықтар күннен күнге күшейіп, тереңдеп барады. Тіпті өткен жазда ақ нәсілді полицейдің қара нәсілді жас жігітті өлтіруі АҚШ-ты бірнеше айлық қатігездік, талан-тараж бен экстремизмге душар етті.

Сол себепті атақты америкалық ғалым Фрэнсис Фукуяма АҚШ-тағы саяси-әлеуметтік өзгерістерге алаңдаушылық білдіріп: «АҚШ-ты бұдан да зор қатігездік  күтіп тұр»,-деді.

Тегтер