АҚХА-ға хат: Иран құпия мағлұматтардың рұқсатсыз таралуына алаңдаулы
(last modified Mon, 15 Feb 2021 16:14:29 GMT )
Ақп 15, 2021 22:14 Asia/Almaty
  • АҚХА-ға хат: Иран құпия мағлұматтардың рұқсатсыз таралуына алаңдаулы

АҚХА-ның құпия мағлұматтарының өткен жиырма жылда рұқсатсыз қолды болуы агенттік пен Иранның қарым-қатынасында күрделі түйткілге айналды.

Иранның АҚХА-дағы өкілі Казем Ғарибабади жексенбі күні кешке осы мәселеге қатысты агенттікке хат жазғанын хабарлады. Бұл хатта агенттіктің құпия мағлұматтарды сақтауға қатысты құқықтық жауапкершілігі еске салынып, Иранның 6 бап бойынша алаңдап отырғаны баяндалған.

Агенттік жарғысының 7-бабында, Иранның агенттікпен кепілдік туралы келісімінің 5-бабында және қосымша протоколдың 15-бабында айтылғандай,  агенттіктің ықтиярына берілген сауда және өнеркәсіптік құпиялар мен басқа да құпия мағлұматтар жария болудан сақталуы тиіс.

ИИР 2010 жылы ирандық ядролық ғалымға алғашқы рет террор жасалғаннан кейін агенттіктің сол кездегі бас директорына хат жазып, осы ұйымның есептерінде ирандық ғалымдар мен мамандардың аты-жөндерінің жарияланғанына кесімді түрде қарсылық білдірген болатын. Бұл ақпарат құпия қалатынына кепілдік берілген соң агенттікке тапсырылған еді.  

АҚХА-ның саяси қысымдардың ықпалымен осы ұйымға мүше елдердің құпия мағлұматтарын сыртқа, сионистік режим мен тыңшылық ұйымдардың ықтиярына беретінін көрсететін куәлер осыған қатысты сауалдар, күдік-күмәндер тудырды. Әрине, ИИР бұған қатысты тыңшылардың елге кіруінің алдын алу үшін тиісті шараларды қолға алды.

Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитетінің басшысы Моджтаба Зуннури осыдан біраз бұрын АҚХА-ның Иранға қатысты құпия есебінің жария болғанына реакциясында: «АҚХА  тексерушілері кейде Батыстың тыңшылары сияқты. Олар агенттіктің атын жамылып, Иранның құпия мағлұматтарын дұшпандардың барлау ұйымдарына береді»,-деді.

Өткен он жылда ирандық ядролық ғалымдардың бірқатарына жасалған террордың АҚХА-ның осы ғалымдарға қатысты құпия мағлұматтарының таралуымен байланысты болуы аталмыш тақырыптың маңыздылығы мен агенттіктің заң бұзушылықтарының орны толмас салдарлары барын айқындай түседі.

Масудәли Мұхаммади, Маджид Шахрияри, Мұстафа Ахмади Роушан мен Дариуш Резаинежад – 2010-2012 жылдар аралығында террорға ұшыраған ирандық ғалымдар.  2020 жылы 27 қарашада Иранның ядролық қорғаныс саласындағы көрнекті ғалымы Мохсен Фахризаде де Теһранның маңында бір лаңкестік шабуылда шәһид болды.

Осы тұрғыдан Иран АҚХА-дан өз есептерінде Иранның ядролық бағдарламасы туралы егжей-тегжейлі ақпаратты қажетсіз таратуды доғарып, осы ұйымның құқықтық жауапкершілігін сезініп, мағлұматттардың құпия сақталуына кепілдік беруін сұрады.