Наурыз мейрамына орай қазақтілді радиолардың онлайн басқосуы өтті
(last modified Thu, 18 Mar 2021 22:52:38 GMT )
Нау 19, 2021 04:52 Asia/Almaty

17 наурызда Қазақстанның ұлттық радиосының ұйымдастыруымен өткен қазақтілді радиолардың онлайн көпірі Иран Телерадио бірлестігі әлемдік қызмет торабының Кавказ және Орта Азия департаментінің басшысы мен Pars Today Kazakh сайты өкілінің қатысуымен өтті.

Иран Телерадио бірлестігі әлемдік қызмет торабының қоғамдық қатынастар бөлімінің хабарлауынша, бұл радиокөпір Наурыз мейрамына орай Қазақстан, Иран, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейдің Татарстан автономды республикасындағы қазақтілді радиолардың қатысуымен өтті. Олардың әрқайсысы өз елдерінде Наурыз мейрамында атқарылатын салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды баяндады.

Иран Телерадио бірлестігі әлемдік қызмет торабының Кавказ және Орта Азия департаментінің басшысы Борхан Хешмати осы радиокөпірде Қазақстан халқын Наурыз мейрамы және Ұлттық радионы 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, осы басқосуға шақырғандарына алғыс айтып: «Қазақстан ұлттық радиосының 100 жылдық мерейтойының Наурызбен тұспа-тұс келуін жақсы ырымға балаймыз. Осы іс-шараның арқасында Қазақстан ұлттық радиосы мен Иранның Қазақ радиосы және Pars Today Kazakh сайты арасында байланыс орнап, сындарлы әріптестікке қолайлы жағдай жасалып, Қазақстан ұлттық радиосының 100 жылдық мерейтойының біз үшін де, сіздерге де есте қаларлық оқиғаға айналатынына үміттенеміз»,-деді.

Сондай-ақ Иран Телерадио бірлестігі әлемдік қызмет торабының Қазақ радиосының дикторы әрі аудармашысы Гаухар Омарханова осы радиокөпірдің мақсаты туралы: «Қазақстан ұлттық радиосы Наурыз мейрамын Қазақстан халқы мен әлемнің барлық қазақтілділері арасында насихаттап, тарату мақсатында бірқатар елдің қазақ тілінде жұмыс істейтін радиолары өкілдерінің басын қосты»,-деді.

Ол: «Қазақстан ұлттық радиосы алдағы жылдары да осындай іс-шара өткізуді жоспарлап отыр»,-деді.  

Иран Телерадио бірлестігі әлемдік қызмет торабының Қазақ радиосы 1995 жылы құрылған. Қазақстанмен қоса, Өзбекстан және Қырғызстанды қамтитын радио Иран мен әлемнің жаңалықтары, сараптама, саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік және діни-танымдық тақырыптардағы бағдарламаларды күнде 30 минут сағат 17:20-17:50 аралығында таратады. 30 минуттық эфир күніне бір рет қайталанып отырады.

Қазақ радиосының көрнекті бағдарламалары қатарында «Нұрлы жол»,  «Иранның танымал тұлғалары», «Батыстың өмір салты», «Имам Хомейни мектебінде», «Иранның туристік тартымдылықтары», «Парсы тілін үйренейік» бағдарламалары бар. Сондай-ақ айтулы күндер мен діни мерекелерге орай дайындалатын арнайы бағдарламалар да тыңдармандардың ерекше қолдауына ие.  

Дереккөзі: http://worldservice.irib.ir/fa

Тегтер